Елімізде жатыр мойны обыры ауруы дендеп барады – онколог

Елде жатыр мойны обырынан күн сайын 2 әйел қайтыс болады. Онколог дәрігерлер осылай деп дабыл қағуда.

Дегенмен қауіпті кеселдің алдын алуға болады. Ол үшін 9 жастан 12 жасқа дейінгі қыз балаларды адам папилломасы вирусына қарсы егу керек дейді мамандар. Енді Денсаулық сақтау министрлігі вакцинаның миллионға жуық дозасын сатып алмақ.

Жатыр мойнының обыры әйелдерде ең көп кездесетін онкологиялық дерттің бірі. Қауіпті кеселге қөбіне 45-50 жастағылар шалдығады. Алайда дәрігерлер соңғы уақытта бұл ауру жасөспірімдер арасында анықталып жатқанын айтады. Дерт дендеп кетпес үшін алдын алған жөн деп отыр мамандар.

Диляра Қайдарова, ҚР штаттан тыс бас онкологы:

– Жатыр мойны обыры – алдын алуға болатын қатерлі ісіктің жалғыз түрі. Ең алдымен қыз балаларға вакцина алу керек. Әйелдер 30 жастан бастап міндетті түрде скринигтен өтіп тұру маңызды. Дертті бастапқы кезеңдерде білсек, емдеу шараларын жасау да мүмкін болады. Ал екпе жөнінде айтар болсам, ол – тексерілген өнім. Денсаулыққа зияны болады деп қорықпау керек.

Кеселге қарсы екпе алу шетелде кеңінен қолданылады. Өйткені бұл – қауіпті ауру. Соңғы сәтке дейін еш симптомсыз болуы мүмкін. Көбіне ісікті білген уақытта барлығы кеш болып жатады дейді онкологтар.

Евгений Шустер, дәрігер:

– Бұл кеселден көз жұматындар көп. Себебі ағзаны толық улап болғанда ауру белгілері байқалады. Түк сезбей қалуыңыз мүмкін. Біздің елде қыздар арасында вакцина алушылар көбейді. Соңғы статистикаларға сүйенсек, Израильде жатыр мойны обырына шалдығатындар едәуір азайған. Сондай-ақ екпе қабылдауда қазір жасқа шектеу жоқ.

Ал еліміздегі мамандар осымен екінші жыл қатарынан жатыр кеселін тудыратын адам папиломмасы вирусына қарсы вакцинаны елге әкелуге тырысып жатыр. Осыдан 8 жыл бұрын Қазақстанда жасөспірім қыздарды вакциналау пилотты жоба ретінде жүргізілген еді. Екі оқушының естен танып құлауына байланысты барлық шара тоқтатылған. Дегенмен сол кезде екпе алған қыздардың денсаулығына ешқандай қауіп төнбеген.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Қазір біз осы мәселені пысықтап жатырмыз. Елге вакцина алдыру жоспарда бар. Қаржыландыру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Жатыр мойны обыры қазір дендеп барады. Онкологтар мәселені дер кезінде көтерді.

Ресми дерекке сүйенсек, жыл сайын осы аурудан 600 қазақстандық әйел көз жұмады. Тек өткен жылдың өзінде 1700 нәзік жандыға осы диагноз қойылды.