Шымкентте 100-ден астам үй апатты жағдайда тұр

Шымкентте өткен ғасырдың ортасында салынған 107 ескі көпқабатты үй бар. Апатты деп танылған бұл үйлер кезінде зауыт-фабрикалардың жұмысшыларына берілген. Бір қызығы, тозығы жеткен үй тұрғындарының бірі баспананы бұзуға қарсы болса, енді бірі қазір көшуге дайын отыр.

Бірінші мамыр көшесінің тұрғындары баспананы босатуға қарсы. Олардың үйі апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің тізіміне еніп кетіпті. Айтуларынша, қасбеті болмаса, үйдің іргесі әлі де берік. 

Манзура Қалметова, қала тұрғыны:

– Үйіміздің кірпіштері өте берік. Қалыңдығы 70 см болады. Тағы жүз жыл тұрады. Қанша жер сілкінісі болды, басқасы да болды, еш сыр берген жоқ.

Тұрғындар бұл үйлерге өздері күрделі жөндеу жүргізіп, қабырғасын сырлап, шатырын да ауыстырған. Сыры көшкен еденге заманауи жабындылар төсеген. Сондықтан «өз үйім – өлең төсегім» дегендер үйдің сапасына күмән келтірмек емес.

Оңласын Дүйсенбаева, қала тұрғыны:

– Бұрын зауытта қызмет істеген кезде алған үйлеріміз ғой. Қимаймыз, басқа жерге кеткіміз келмейді. Осы жерге үйреніп қалдық. Өте тыныш, жайлы аудан. Су, газ не жарық бір де бір рет өшкен емес. Енді азғантай өмірімізде ешқайда.көшкіміз келмейді.

Ал осы көшедегі көрші үйдің тұрғындары жаңа қонысқа қазір көшуге дайын отыр. Олар ескіні жамаудан шаршағандарын айтады. Шатырдан су ағып, қабырға қақырап тұр, дейді. Тек барлығы заң аясында жүргізіліп, жаңа баспана өз аттарына рәсімделгенде ғана босатпақ. 

Анар Нақыпова, қала тұрғыны:

– Құбырлардың бәрі ескірген. Төбемізден су ағады. Баспалдақ ағаштан ойылып-ойылып қалған. Қабырғаның бәрі тесіліп кеткен. Бәріміз қарсы шықтық. Келіскендей болып еді. Бірақ бізге әлі нақты ақша береміз, үй береміз деп ешкім айтқан жоқ.

 «Реновация» бағдарламасы баспанасы апатты жағдайдағы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Өткен ғасырда іргесі қаланған үйлердің қазіргі сыйқы заман талабына сай келмейді. Мамандардың сөзінше олардың ескіргені соншалық көпшілігі қирандыға айналудың алдында тұр.

Кирилл Дондуков, қалалық Тұрғын үй басқармасының басшысы:

– Бұл тұрғын үйлердің тозығы әбден жеткен. Олардың көпшілігінде жертөле жоқ. Коммуникациялық жүйелері жер астында жатыр. Бір апат бола қалған жағдайда қайта жөндеудің реті келмейді. Оған мүмкіндік те жоқ. Бұл үйлерді жаңғыртып, күрделі жөндеуден өткізгеннің өзінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайсыз.

Ал бұған дейін әкімдіктің жариялаған ақпаратында ескі нысандардың тізімі ғана көрсетіліпті. Сондықтан бұл нақты сүріледі деген сөз емес. Қазір мамандар келісіп, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жүр.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов