Ақмола облысында 300-ге жуық қарағай заңсыз қазылған

Зеренді ауданындағы орманда 300-ге жуық қарағайды тамырымен опырып жатқан жерінен Семей және Нұр-Сұлтан қалаларының тұрғындары ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, Баратай және Уголки ауылдары арасындағы орман алқабында белгісіз біреулердің ағаштарды қазып жатқанын туралы хабар түскен. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары бірнеше адамның жүк көлігіне көшеттерді тиеп жатқанын көрген. Белгілі болғандай, олар 273 түп ағашты тамырымен қазып алған. Ал орманшылардың айтуынша, қоршаған ортаға 9 млн теңгеден астам шығын келтірілген.

Ерболат Құсайынов, облыстық жергілікті полиция басқармасы басшысының орынбасары:

– Осы факті бойынша бүгінгі күнде қылмыстық кодекстің 340-бабымен көзделген іс тергелуде. Одан басқа, өткен тәулікте Бұланды ауданында 170 қарағай қазғаны да анықталды. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып табылады. Аталған қылмысты жасағаны үшін күдіктілер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Оның санкциясында 100 айлық есептік көрсеткіш айыппұл немесе түзету жұмыстары көзделген.