Қарағанды облысында серіктес қалаларға қоғамдық көлік қатынай бастады

Қарағанды облысының маңындағы жеті бірдей серіктес қалаға бүгін таңертең қоғамдық көлік қатынамай қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның себебін тасымалдаушы автопарк мемлекет тарапынан субсидияның бөлінбеуімен байланыстырған. Олардың айтуынша, тасымалдаушылардың шығыны жылына 2 млрд теңгеге жуықтайтын көрінеді. Ал әкімдік оның тек 30 процентке жуығын субсидиялайды екен. Жыл басында бөлінген қаржы дизель отынының күрт қымбаттауына байланысты таусылып қалған. Алайда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері автопарк өкілдерімен шұғыл жиын өткізіп, қазір тасымал толық қалпына келді.

Қазбек Мақышев, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

– Енді жалпы биыл біз барлық ауданаралық, қалааралық шығынды өтеуге бюджеттен 950 млн теңге қарастырдық. Ал жалпы шығын 4 млрд-тан асады. Оның 2,5 млрд-ы 3-автопарк шығындары бүгінгі факт бойынша автопарк басшылығымен келіссөз жүргізіп, тоқтатылған маршруттарды қайтадан қамтамасыз етеді деген ақпарат алынды.