Қарағанды облысындағы Ақөре ауылында дәрігерлік амбулатория жоқ

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Ақөре ауылында дәрігерлік амбулатория жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар сырқаттанып қалса, 25 шақырым жерде орналасқан көрші ауылға барып емделуге мәжбүр. Ал қыс айларында жолды қар басып қалатын кездер жиі болады дейді.

Майдаш Құсайынова даңғарадай үйде жалғыз өзі тұрады. Балаларының барлығы қалаға қоныс аударыпты. Зейнеткер қара шаңырақты қимай қалып қойған. Қазір қант диабетімен ауырады, қан қысымы жоғары. Сондықтан үнемі дәрігердің бақылауында болу керек.

Майдаш Құсайынова, Ақөре ауылының тұрғыны:

– Медбике шақыртамыз. Дәрі-дәрмегімді әкеліп береді. Одан басқа қолынан ештеңе келмейді, медбике ғой енді. Ауданға барыңыз дейді, оған баруға жағдай жоқ. Жолдың түрі мынау.

Ақөре ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның жабылғанына 2 жылға жуықтаған. Заң бойынша 50 тұрғыны бар елді мекенде ең кемі медпункт болу керек екен. Ал мұнда қазір 400-ге жуық адам тұрып жатыр.

Марат Махатов, Ақөре ауылының тұрғыны:

– Ауылда амбулатория жоқ. Көрші ауылда халық аз болса да, ол жерде амбулатория бар. 25 шақырым жерде амбулатория бар, бір жедел жәрдем көлігі бар. Оған хабарлассаң, не жанармайы жоқ, не жолға шағымданып келмейді. Сол жағынан біз қиналып жатырмыз.

Аудан басшыларының айтуынша, ауылда амбулатория ашуға дайын тұрған ғимарат жоқ. Кезінде медпункт болған мына үй бұрынғы медбикенің меншігі екен. Оны аудандық аурухана жалдап келген. Медбике зейнетке шыққан соң, үйін жалға беруден бас тартыпты.

Гүлмира Жұмақаева, аудандық орталық аурухананың бас медбикесі:

– Лайықты ғимарат болмай тұр. Алдында бір ғимарат көрсеткен. Оның құжаты дұрыс болмады. Қазір сөйлестік. Құжатты дайындадық дейді. Соны бастыққа көрсетеміз, сосын шешеміз.

Дегенмен жауапты мамандар ауылда амбулатория ашудың қаржылық тұрғыда тиімсіз екенін айтып отыр. Себебі ғимаратты ұстап тұру үшін қосымша тағы 4 адамды жұмысқа алу керек. Сонда жылына шамамен 5 миллион теңге шығын кетеді екен. Ал қазір Бұқар жырау ауданында амбулаториясы жоқ 10-нан астам ауыл бар.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев