Жамбыл облысында үздік жылқышы мен шопандарға 15 млн теңге және көлік кілті табыс етілді

Жамбыл облысында мал өсірушілер слеті өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ата кәсіпті қолға алып, төрт түлікті түлетіп отырған малшылар қауымы еліміздің түкпір-түкпірінен жиналды. Іс-шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығы аясында ұйымдастырылды.

Алғаш рет ұйымдастырылған іс-шара ауыл шаруашылығы скверін ашудан басталды. Демалыс орны екі мәрте Социалистік Еңбек ері болып, дала академигі атанған Жазылбек Қуанышбаевтың құрметіне арнайы салынған. «Таразға тарту» жобасымен жасалған орында шопанның барельев бейнесі қойылды. Ал осы сквер тұрған көшеге атақты малшының аты ресми түрде берілді.

Болат Сатыбалдиев, Мойынқұм ауданының тұрғыны:

– Ауданның әлеуметтік жағдайын жақсартуға сол кісінің еңбектері себепші болды. Оны ел қазір үлкен қуанышпен еске алады. Атамыздың барельевінің ашылуы, көше берілуі үлкен серпіліс беріп отыр. Көп рақмет айтамыз.

Салтанатты шара ауыл шаруашылығы өкілдерінің бірінші республикалық ғылыми-практикалық конференциясымен жалғасты. Алдымен шаруалар қайта өңдеуші кәсіпорындардың көрме-жәрмеңкесіне қатысып, өнімдермен танысты. Ал жиын барысында ауыл шаруашылығын ғылыммен ұштастырудың маңыздылығы айтылды. Сондай-ақ қатысушылар мал, егін шаруашылығы бағытында пікір алмасып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

– Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Қазақстанның жері де, байлығы да жетеді. Тиімді пайдалануымыз керек. Сол кезде біз біріншіден өзімізді керекті азық-түлікпен қамтамасыз етеміз. Өзімізден артылғанын басқа мемлекетке экспорттайтын боламыз.

Слеттің негізгі бөлігі Тұрар Рысқұлов ауданында өтті. Шаруалар көрме ұйымдастырып етті, сүтті бағыттағы асыл тұқымды түліктерін көрсетті.

Айта кету керек, соңғы жылдары өңірде мүйізді ірі қара, 10, уақ мал 3,7, жылқы басы  5,2 процентке өскен. Шара кезінде тынбай еңдек еткен малшылар арнайы төсбелгілермен марапатталды. Үздік жылқышы мен шопандарға 15 миллион теңгенің сертификаты мен көлік кілті табыс етілді.

Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә