Түлкібастағы 13 каналдың құрылысы неге тоқтап қалды

Түркістан облысының Түлкібас ауданында 13 каналдың құрылысы тоқтап тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жөндеу жұмыстары 2019 жылы басталғанымен, бүгінге дейін тек 25 проценті ғана аяқталған. Соның салдарынан биыл бірнеше ауылдағы 1000 нан астам гектар суармалы алқап игерілмей қалды. Ауыл тұрғындары егінді айтпағанда, тіпті ауладағы бақшаға ештеңе еге алмай қалғандарына наразы.

Алғабас ауылының тұрғыны Жұмабай Қайраңбаев биыл бес гектар алқапқа бидай егіп, 25 қап өнім алған. Ал өткен жылы сол жерден 7 тонна астық жинағанын айтады. Егін орып, жер жырту кезіндегі шығынын өтей алмай қалған. Одан бөлек, су болмағандықтан ауыл жұрты бақша дақылдарын да сала алмай, көкөністі сырттан сатып алуға мәжбүрміз дейді.

Жұмабай Қайраңбаев, Алғабас ауылының тұрғыны:

– Дәл мен сияқты бәрі егіспен күн көріп отырғандар. Ауылда біреу 5-10 соттыққа, біреу 1 соттыққа қызанақ егеді. Биыл қызанақта жей алмай қалдық қой. Бұрын осы ауылдың қызанағын Жамбыл облысына апарып сататын. Қазір Бурныйдан осында әкеліп сатып жатыр. Соны сатып алып жатырмыз. Бұл судың жоқтығының салдары. Су бар болғанда мұндай мәселе болмас еді.

Тұрғындардың айтуынша, су болмағандықтан каналдың бойындағы мың гектардан астам суармалы жер игерілей қалған. Бірнеше ауыл тіршілік нәрінен тарығып отыр. Жөндеу жұмыстары басталғанда, канал суын Арыс өзеніне бұрған. Қазір ауылға қажетті су Арысқа құйылып жатыр. Ал жергілікті халық

дайын суды өзенге емес, қосымша арық арқылы ауылға әкелгенде мұндай қиыншылық болмас еді дейді. 

Тәліпбек Байсеріков, Алғабас ауылының тұрғыны:

– Қосымша арықпен суаруға болады. Айналма канал жасап берсе, суғаруға болады. Бірақ оны жасамады. Енді қарашада дейді. Қыстың күні олар қалай жұмыс істейді. Көктемде тағы қалады. Лай болады, балшық болады, басқа болады. Тағы да жоқ.

Жөндеу жұмыстары 2019 жылы басталған 13 канал «Қазсушар» мекемесіне тиесілі болғанымен, құрылысына жауапты басқа мердігер. «Қазсушардың» Түркістан облыстық филиалының басшысы халықтың өтініші бойынша мердігермен келісіп, қосымша арық тартып беруге уәде берді. Ал канал құрылысының неліктен тоқтап қалғанын мердігер мекеме басшысы халыққа былай түсіндірді.

Жалын Қамбаров, мердігер мекеменің басшысы:

– Мамыр айынан бастап материалдардың бәрі қымбаттады, жобамыз да барлығы сәйкес келмеді. Қаншама өзгерістер болды. Сол үшін біз түзетуге бердік. Қазіргі таңда түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол қараша айында бекітіліп бітеді. Сол бекітілген жобамен біз қайтадан жұмыс істейміз.

Құрылысы тоқтап тұрған 13 каналдың ұзындығы 91 шақырымды құрайды. Қазір жұмыстың 25 пайызы ғана біткен. Ал жалпы бетондау жұмыстары 2023 жылы толық аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс. Айта кетейік, Түлкібас ауданында 111 канал бар. Олардың барлығы «Қазсушар» мекемесінің меншігінде. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы