434.16 493.30 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

«Отбасы банк» жаңа онлайн-платформалар әзірледі

  • 150
  • UPD: 22:47, 28.10.2021

«Отбасы банк» онлайн қызметтерін одан әрі жетілдіріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның бірі – зейнетақы жинақтарын пайдалануға арналған онлайн-платформа. Оның көмегімен 300 мыңнан астам азамат зейнетақы қорындағы артық қаражатын тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделу мақсаттарына жұмсады. Цифрлық жүйенің нәтижесі елордада өткен Digital Bridge форумында айтылды. Шарада «Отбасы банк» Президентке жаңа смарт жобаларын да таныстырды.

Елімізде «Отбасы банкінің» төл өнімі, біржолғы зейнетақы төлемдерін қолдануға арналған Еnpf-otbasy.kz платформасының құрылғанына 10 айға жуық уақыт болды. Осы арада онлайн жүйенің игілігін үш жүз мыңнан астам қазақстандық көріп үлгерді. Қысқа мерзімде құрылып, сапалы қызмет көрсетіп отырған портал арқылы қазақстандықтар 1,5 триллион теңгеден астам сома зейнетақы жинақтарын пайдаланды.

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы:

– Осы платформа арқылы 80 мың қазақстандық тұрғын үй ипотекаларын толыққанды жабуға мүмкіндік алды. Тағы 180 мыңы баспана жағдайын жақсартты. Қарыздың бір бөлігін өтеді немесе жаңа пәтердің алғашқы жарнасын төледі. Құжаттары онлайн жүйеде рәсімделді.

Бұл бағытта блокчейн технологиясы қолданылды. Ерекшелігі – кепіл мүлікті халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, тіркеуге жол ашылды. Яғни ипотека рәсімдеуге кіріскен әрбір клиент Оtbasybank.kz порталындағы жеке кабинеті арқылы кепілге қойылатын мүлік келісімімен қашықта отырып танысып, оған қол қоя алады. Кейінгі 4 аптада 1100 келісім осы негізде жасалды.

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы:

– Біз Baspana market атты жаңа портал да құрдық. Ол тұрғын үйді сату және сатып алуға арналған. Құжат рәсімдеу тек электронды цифрлық қолтаңба арқылы іске асырылады. Баспана иелері онда жарнамасын орналастырады. Ал қазақстандықтар сол жерден өздеріне қажетті пәтерді таңдайды.

Baspana market – нысанның толық сипаттамасын, қолжетімді пәтерлер санын, құны мен бөлмелердің орналасу жобасын егжей-тегжейлі анықтап көруге мүмкіндік береді.

Рауан Мыңбаев, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы