Елімізде оқыту курсы бар мобильді қосымша іске қосылады

Елордада үкіметтік емес ұйымдар академиясының түлектері марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еліміздің әр өңірінен келген мыңнан астам қоғам өкілі тегін оқытудан өтті. Арнайы тренингтерді танымал отандық және халықаралық сарапшылар, сондай-ақ бизнес-тренерлер өткізді. Осылайша, түлектер қаржы, салық және заң саласындағы көптеген тың ақпаратпен қанықты. Жақында елімізде оқыту курсы бар мобильді қосымша іске қосылмақ. Әзірге ол тестік режимде жұмыс істейді.

Жасұлан Бисембиев, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ жобалық кеңсесінің басшысы:

– Көптеген бизнес кәсіпорындар қазір үкіметтік емес ұйымдардың түрлі әлеуметтік жобаларын қолдайды. Бұл жоба дәл осы бастамаларды қолдауға, біліктілікті арттыруға, ұйым өкілдерінің сапалық құрамын арттыруға бағытталған.

Зубираш Смағұлова, «Өрелі ұрпақ» әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі жобасының үйлестірушісі:

– Бұл жоба үш үлкен бағытты қамтиды. Үкіметтік емес ұйымдар академиясының жолдамасы бойынша тренингтер өткізу, әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі және кәсіпкерлерді оқыту үшін тренерлер даярлауға мүмкіндік беру. Әлеуметтік кәсіпкер бұл әлеуметтік жобаларды жүзеге асыратын және тек гранттарға, мемлекеттің қолдауына ғана емес, сонымен қатар кәсіпкер ретінде өз күшіне сенетін маман.