Павлодарда жаңа көп қабатты үйдің жертөлесі суға толып кетті

Павлодарда қолданысқа берілгеніне бес жыл болған жаңа үйдің жертөлесі суға толды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көп қабатты үйді Қазақстанның ипотекалық компаниясы тұрғызыпты. Бұл үйге бюджеттік сала қызметкерлері «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қоныстанған.

Мемлекеттік бағдарлама арқылы баспаналы болған тұрғындар кімнен көмек сұрарын білмей, әуре-сарсаңға түскен. Лас судың жағымсыз иісі қолқаны қабады.

Жанна Ибраева, қала тұрғыны:

– Бізге ешбір мекеме көмек көрсеткісі келмейді. Пәтер иелері кооперативі бас тартып отыр. Қазақстан ипотекалық компаниясының өкілдері төбе көрсетпеді. Тұрғындар хабарласып, оларға мән-жайды түсіндірді.

Тұрғындар осылай жалғаса берсе, үйдің іргесіне нұқсан келе ме деп қорқады. Көмек сұрап, пәтер иелері кооперативіне хабарласыпты. Ондағылар мәселені үйді салған мердігер компанияға сілтеген. Әзірге үй тұрғындары суды өз күштерімен шығаруға мәжбүр.

Мейрам Әбішев, қала тұрғыны:

– Біз бірінші подъезден төрт машина су шығардық. Міне, екінші подъезден су шығарып жатырмыз. Әлі үшінші подъезд бар. Бәрін есептегенде шамамен 12-13 машина су шығарылады.

Ал қалалық әкімдік бұл мәселеден хабардар болып шықты. Бірақ қолдан келер қайран жоқ дейді. Өйткені үйлердің инженерлік инфрақұрылымын құрылыс компаниясы жеке қаражатына салған. Сондықтан ипотекалық компанияның балансында тұр.

Салтанат Әкімбекова, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

– Үй желілерін Павлодар қаласы әкімдігінің қарамағына тапсыру жекеменшік иелері тиісті құжаттарды рәсімдеп, Әділет органдарына тіркеген жағдайда жүзеге асады. Біз Қазақстанның «Тұрғын үй компаниясы» АҚ-ның өкілдеріне жағдайды түсіндірдік. Әзірге компания тарапынан ешқандай әрекет жасалған жоқ.

Қазақстан ипотекалық компаниясың өкілі желілердің құрылыс компаниясына тиесілі екенін атап өтті. Үйді қолданысқа берер кезде сыртқы коммуникацияларды әкімдік өз қаражатына өткізіп беруді өтініп, кейін сатып алуға уәде беріпті. Кейін сыртқы коммуникацияны қалалық әкімдік сатып алуы тиіс болған. Бірақ сөз жүзінде жасалған келісім аяқсыз қалыпты. Енді құрылысқа жұмсалған мердігер компанияның 500 миллион теңгесінің тағдырын сот шешпек.  

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат