Павлодар облысында мердігер 40 жыл жөнделмеген жолды жаңартып жарытпады

Есіл ақша далаға кетті. Павлодар облысында жол сапасына шағым көп. Әсіресе жергілікті ауыл-аймақ, аудан аралық тас жолдармен жүру мүмкін емес. Солардың бірі Железин ауданында құрылыс жұмыстарының техникалық құжаттама мен нормативтерге сәйкес келмейтіні анықталды. Бұл 23 млн теңгеден астам мемлекет қаржысы. Тұрғындардың шағымы бойынша тексеріс жүргізілген. Енді жауапсыз мердігерге қандай шара қолданбақ?

Железин ауданы Алакөл ауылындағы бұл учаске соңғы рет 40 жыл бұрын жөнделген. Жаңа жол салынатынын естіген жұрттың қуанышында шек болмап еді. «Бірақ бүгінде тұрғындар қыс келіп, жол сол күйі жөнделмей қала ма» деп алаңдаулы. 

Август Ерш, Алакөл ауылының тұрғыны:

- Бұны жол деп айтуға аузым бармайды. Асфальт жабындысы кедір-бұдыр. Көлікпен жүруге жарамайды. Соған ренжіп отырмыз. Мемлекеттің қыруар ақшасы далаға ұшты ғой. 

Бір шақырымнан асатын жол құрылысына 23 млн 600 мың теңге бөлінген. Мердігер ұйым құрылыс жұмыстарын екі жарым ай ішінде, яғни уақытында аяқтаған. Бірақ сапасы нашар. 

Марат Валиев, жол сапасы активтері ұлттық орталығы облыстық филиалының инженері:              

- Жол жабындысы тегіс емес. Нысанның учаскелерін аспаппен өлшедік. Жұмыстар техникалық нормативтерге мүлде сәйкес емес. Оған қоса асфальт бір жаққа қисайып кеткен. Құрылыс техникасының іздері байқалады.

Арнайы тексеріс нәтижесінде нысанның техникалық талаптарға сай емес екені анықталды. Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, құрылыс материалдарының аздығынан осындай жағдай туындады. Мамандар «қиыршық тас жетпей қалды» деп ақталды. Тексеріс бойынша тиісті акті толтырылып, құжат нақты шара қолдану үшін жауапты органдарға жолданбақ. 

Ерғанат Серікбаев, Железин ауданы экономиканың нақты секторы бөлімінің басшысы:

- Мердігер ұйымның жұмысына қатысты қорытынды жасалды. Қазіргі уақытта олармен келіссөздер жасап жатырмыз. Олар олқылықтарды жою керек. Есеп-шоттарына қаражат аударылған жоқ. Сәйкесінше жұмыстардың аяқталғандығы жөніндегі актіге қол қойылған жоқ. 

Ваге Агабетян, мердігер ұйым өкілі:

- Құрылыс материалдары жетпей қалды. Сондықтан қиындықтар туындады. Анықталған бұзушылықтарды мойындаймыз. Енді асфальтті қайта төсейміз. Жұмыстарды қайта жасауға мәжбүрміз.

Мердігер ұйым техникалық қателіктерді қарашаның онына дейін аяқтауға уәде берді. Жөндеуді өз қаражатына жүргізбек. Ал уәде орындалмаса, лицензиясынан айырылып, жауапсыз мердігерлердің «қара тізіміне» енуі мүмкін. Облыста осы тектес бес дерек тіркелген. Тиісті құжаттар жауапты мемлекеттік органдарға жолданды.

Айта кетейік, қазіргі уақытта жол активтері сапасы орталығы мамандарының бақылауында осы тектес 150 учаске бар.

Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Жеңіс Темірболат