Каспийде итбалық азайып барады

Каспий итбалығы жыл сайын азайып барады. Былтыр ғана Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілді. Соған қарамастан браконьерлер заңсыз аулауды тоқтатпай отыр. Құрылған торға шырмалып, жыл сайын жүздеген балық қырылады. Қазіргі таңда итбалықтар қалай қорғалуда? 

Екі сүтқоректі теңізбен қауышуға дайын. Осыған дейін торға шырмалып, жарақат алған. Ақтаудағы Каспий итбалықтарын зерттеу және оңалту орталығында 4 күн болып, дәрумендер ішіп, әлденіпті. Біреуі 1 жаста, екіншісі 2 жаста. 

Итбалықтарды сауықтыру орталығы осыдан екі жыл бұрын ашылған. Содан бері біраз сүтқоректінің жарақатын емдеп, осылай теңізге қайтарған. Көбісі ауыр халде түсетін көрінеді.

Әділхан Таласаров, итбалықтарды зерттеу және оңалту орталығының директоры:

- Ашылғалы бері осы күнге дейін 35 итбалыққа көмектестік, 12-сі орталыққа түсті. Бірнешеуін құтқара алмадық. Ішкі құрылысында ақаулар болды. Қалғандарын аман-есен емдеп, керекті ветеринарлық көмекті көрсетіп, қоршаған ортасына жібердік. Соңғы 2 тюленнен керекті анализ алынды, зертханаға жібереміз. Жағдайлары жақсы болғасын соңғы 1-2 күндікте Каспийге дайындық.

Каспий итбалықтарын аралға апару оңай жұмыс емес. 250 шақырым жерге жеткізу керек. Әрі теңіз тартылып, жаға алыстаған. Бастысы, сүтқоректілер табиғи ортасына оралады.

- Желаем тебе успехов и больше не попадайся. 

Осылайша Каспий эндемигін құтқару операциясы сәтті аяқталды. Орталық директорының айтуынша, қаржылық қолдауды қайырымдылық қоры көрсетеді. Арнайы ғимарат бар, жағдай жасалған, тек кадр тапшы.

Әділхан Таласаров, итбалықтарды зерттеу және оңалту орталығының директоры: 

- Маман өте аз, ветеринар өте аз, практиктер жоқ деуге болады емдейтін бүкіл Қазақстанда. Сондықтан біз қазір Ресеймен, Иран мамандарымен жұмыс істеп, 2 жылдың ішінде жақсы тәжірибе жинап алдық. Ішкі құрылысты зерттеу үшін УЗИ, рентген аппарат, микроскоп керек, осылар болса, бұдан да көп итбалықты сақтауға болар еді. 

Қазір итбалықтарды қорғау жұмыстарын балық шаруашылығы басқармасының қызметкерлері мен орталық мамандары бірігіп жүргізуде. 

Адизал Шихметов, балық шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Біздің инспекторлар 10 айдың ішінде, қазан айының соңына дейін шамамен 7 шақырым торды тауып шешті. Кімдер тастайтынын табу өте қиын. 

Айта кетейік, бүгінде Каспий эндемигінің саны күрт азайды. 20-ғасырда 1 миллионға жуық су маржаны болса, 30 жыл бұрын жарты миллион болған. Ал бүгінде итбалық саны 50 мыңға жетпейді. Мамандардың айтуынша, оларды көбейту әзірге мүмкін емес, тек осы популяцияны сақтап қалуға тырысады. 

Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев