Қазақ халқының 50 ғасырлық тарихы туралы туындының тұсауы кесілді   

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына таптырмас тарту. Бүгін қазақ антропологиясының негізін қалаушы, академик Оразақ Смағұловтың еңбегі жарық көрді.

Қазақ халқының 50 ғасырлық тарихы туралы кітаптың тұсауы Түркі академиясының жаңадан салынған ғимаратында кесілді. Қос бірдей қуанышқа мемлекеттік хатшы, мәдениет және спорт министрі, зиялы қауым өкілдері мен шет елдердің елшілері куә болды. «Қазақ халқы мен оның ата-тегіне орай антропологиялық очерктер» деп аталатын еңбек қазақ,орыс, түрік, ағылшын тілдерінде жарияланып отыр. Іргелі зерттеуге алғы сөзді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жазған.

Қырымбек Көшербаев, ҚР мемлекеттік хатшысы:

– Ғалым бұрынғы еңбектерінде халқымыздың 4 мың жылдық тарихын түгендесе, бүгінгі туындысында жұртымыздың 5 мың жылдық нәсілдік тегінің ұлан-ғайыр ата-жұртымызбен тығыз сабақтастығы барын ғылыми түрде дәлелдеп, ғылыми туындыға айналдырды. Іргелі зерттеуге қатысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысөзімен қазақ, орыс, түрік тілдерінде жарияланып отыр. Оразақ аға, аманшылық болса осылай бірге жұмыс істеп, сіздің ғасырлық тойыңызда сіздің тағы да осындай шығармашылық табыстарға жете беруге тілектеспіз.

Айта өтейік, ғалымның бұл еңбегі 70-шы жылдары Кеңестік цензурадан өтпей, өртелген еді. Ал Оразақ Смағұловтың өзі қуғын-сүргінге ұшыраған.  

Оразақ Смағұлов, қазақ антропологиясының негізін салушы:

– Мына үшінші мың жылдықтың басында отырмыз ғой. Егер үшінші мыңжылдықтың аяғындағы ұрпақтар бүгінгі қазақтардың мың жыл өтсе де өзінің ататегі екенін еркін түсініп, дәлелдеп, соны біздің зерттеуімізге қарап, нақтыланады. Бұдан артық енді ғылымда зертеулер жоқтың қасы.