Қазақстанда «виртуалды информатика мұғалімі» пайда болады

Елде «Виртуалды информатика мұғалімі» жобасы қолға алынды. Бұл туралы Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин хабарлады.

«Информатика» және «Бағдарламалау» пәндері бойынша Шығыс Қазақстан облысында 150 мектепте пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта бұл тәжірибе еліміздің қалған өңірлерінде де сынақтан өтеді. Яғни барлық бала тұрғылықты жеріне қарамастан, цифрлық сауаттылығын қашықтан арттыруға мүмкіндік алып отыр. 20 инновациялық мектеп ашылып, оларды дамытуға 20 мың ваучер бөлінеді. 2025 жылға дейін жоспарланған жобаға 2,2 трлн теңге қаражат жұмсалады.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

– Ұлттық жоба екі блокқа бөлінген. Ол – цифрлық трансформация және ғылым блогы. Цифрлық трансформация блогы қызметтерді 5 минут ішінде көрсету, IT саласын дамыту, халық үніне құлақ асатын және тиімді мемлекет құру, қолайлы өмір сүруге арналған цифрлық құралдардың қолдану, технологиялық және инновациялық бизнесті дамыту, сапалы интернет пен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттарынан тұрады. Ғылым блогы, жалпы алғанда ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту ғылымның басты назарында.