Асхат Аймағамбетов: Балаларға сапалы білім алатындай барлық жағдай жасалуы керек

Ақтөбе облысында 58 мектеп жөндеуден өтіп жатыр. Жұмыстар аяқталған соң оқу кабинеттері соңғы үлгіде жасақталып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылады. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің өңірдегі жұмыс сапары кезінде айтылды.

Министр Мәртөк ауданындағы Хлебодар орта мектебінің жөндеу жұмысын көрді. 464 оқушыға арналған мектептің салынғанына жарты ғасырға жуықтаған. Бүгінде жылыту жүйесі толық ауыстырылып, едендері мен жарықтандыру және кәріз желісі жаңартылып жатыр. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясындағы бұл іске қазынадан 160 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Жұмысты қарашаның басында аяқтау жоспарланып отыр. Министр сапар аясында Ақтөбеден өзге бірнеше ауданда да болып, білім саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысады.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

– Бұл мемлекет тарапынан өте үлкен қолдау. Еден, жылыту жүйесінен бастап абаттандыру сияқты барлық мәселелер шешіліп жатыр. Материалдық-техникалық базасы да жаңарғаннан кейін су жаңа мектеп болып шыға келді. Әрине, ең бастысы сапалы болу керек, уақытылы аяқтау керек. Содан кейін балалар осында сапалы білім алып шығатындай жағдай жасауымыз керек.