«Ауыл – ел бесігі» жобасын қаржыландыру көлемі ұлғаяды   

Алдағы 4 жылда «Ауыл – ел бесігі» жобасын қаржыландыру көлемі 800 млрд теңгеге дейін ұлғаяды.

Елді мекендерді жаңғыртуға 1,3 трлн теңге жоспарланған. 2025 жылға қарай барлық ауыл сумен қамтамасыз етіледі. 10 мың шақырым кентішілік жол жөнделеді. 12 мың шақырым инженерлік желі, бірнеше мың әлеуметтік инфрақұрылым нысаны салынады. 5 мың ауылдың мектебі жаңғыртылады. Премьер-министр Асқар Мамин бүгін Ақмола облысына жұмыс сапарымен барып, жобаның өңірдегі орындалу барысымен танысты.

Үкімет басшысы Ақмола облысындағы Астраханка ауылына және Атбасар ауданының Бастау ауылына барды. Онда денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт, агроөнеркәсіп кешені нысандарын аралады. Еңбек ардагерлерімен және өңірдің құрметті тұрғындарымен кездесті. Өңірде болашағы бар 298 елді мекен анықталды. 2019-2021 жылдары жергілікті ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын жаңғыртуға 70 млрд теңге бөлінген. «Ауыл – ел бесігі» аясында 88 жоба іске асырылды. Мыңнан астам жұмыс орны құрылды, оның ішінде 200-і тұрақты.

Әділхан Орынбай, Астрахан Ауданы Новочеркасск ауылдық округінің әкімі:

– 2020 жылы «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы бойынша Астрахан ауылында қазандық ғимараты бар инженерлік инфрақұрылым құрылысы жобасы іске асырылды. Жобаның құны 950 млн теңге. Аталған жобаны іске асыру аталған ауданды дамытудың бас жоспарына сәйкес, жаңа құрылысты жоспарлауға және елді мекендегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл бағдарлама ауылды дамытуға, халықтың әл-ауқатын және оның өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған.

Биыл барлық мемлекеттік бағдарлама бойынша Ақмола облысының ауылдық елді мекендерін дамыту бойынша 22 млрд 300 млн теңгеге 203 жоба іске асырылып жатыр. 2022-2025 жылдарға өңірдің ауылдық аймақтарын дамытуға шамамен 120 млрд теңге бөлу жоспарланған.

Әсемгүл Қалиева, Бастау ауылы мектебінің информатика пәні мұғалімі:

– Біздің ауылымызда 1 мыңнан астам жастар тұрады. Жастарға жиналатын бұрында орын болған жоқ. Ойын-сауық орталығында көптеген үйірмелер, спорт залы, кітапхана, акт залы ашылатын болды.

Жалпы АӨК саласында 4,5 трлн теңге сомасына 1 мыңға жуық жоба іске асырылады. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2,5 есе өседі. 1 млн ауыл тұрғынының табысы артып, 500 мың жұмыс орны құрылады.

Матжан Абдуллаев, Астраханка ауылындағы агротехникалық колледж оқытушысы:

– 2019 жылдан бастап біздің колледжіміз «Ауыл - ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өтті. Біздің колледжіміз жас маман проектісі бойынша Ақмола облысы бойынша 11 колледждің қатарына енді.

Қазақстанда ауыл халқының 89% тұратын келешегі бар 3 жарым мың елді мекен айқындалды. Премьер-Министр Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша орталық мемлекеттік органдардың басшылары сол ауылдық елді мекендерге инспекциялық сапарын бастады. Басты мақсат - инфрақұрылымды жаңғырту барысын бақылау.

Мирлан Алтынбек

Сондай-ақ...