Түркістанда ÁMEN анимациялық фильмдер фестивалі басталды 

Түркістанда халықаралық ÁMEN анимациялық фильмдер фестивалі басталды. Биыл үшінші рет ұйымдастырылған байқауда екі күн бойы түркітілдес мемлекеттерден келген белгілі авторлардың үздік туындылары көрермен назарына ұсынылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отандық және бауырлас түркі елдерінен келген белгілі мультипликаторлар Түркістанға жиналды. Алдымен олар Орталық Азиядағы ең ірі анимациялық фестивальдің қызыл кілемімен жүріп өтті. Әзербайжан, Башқұртстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Тәжікстан мен Түркияның білікті мамандары байқауға өздерінің ең таңдаулы туындыларын алып келген.

Азизбек Мухамедов, режиссёр-аниматор:

– Біз бұл фестивальге бірінші рет қатысып отырған жоқпыз. Өткен жылы «Ағыс» деген фильмімізді қазылар алқасы жақсы қабылдады. «Өзіндік көркемдік стильде қойылған үздік анимациялық фильм» атағын жеңіп алдық. Биыл тағы жеңіс тұғырынан көрінеміз деген үмітпен келдік.

Биылғы фестивальге үздік деп танылған 49 анимациялық фильм ұсынылып отыр. Олар әр түрлі жанрды қамтиды. Туындыларды әйгілі шетелдік аниматорлар мен отандық білікті мамандар бағалайды. Олардың қатарында әлемге танымал суретші-аниматор Александр Дорогов та бар.

Мақпал Жұмабай, халықаралық ÁMEN кинофестивалінің президенті:

– Біздің фестивальдің өзгешелігі – оқу модульі, яғни фестиваль аясында тренинг-мастер кластар өткізіледі. Дисней компаняисында жұмыс істеген, әлемге танымал үздік туындылардың жасалуына қатысқан Александр Дорогов дәріс оқиды. Сонымен қатар «Маша және аю» мультфильмінің жасаушылары, режиссеры біздің отандық мамандарға сабақ өтеді.

Фестиваль Түркістандық балғындардың да есінде ұзақ сақталатын болды. Себебі шара аясында бүлдіршіндерге түркі елдерінің үздік мультфильмдері тегін көрсетілді.

Болат Тілепов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:

– Анимациялық-мультипликациялық фидьмдердің де ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы зор. Ғалымдардың өздері де мойындайды, анимациялық фильмнің бала тәрбиесіне отбасына қарағанда ықпалы 2-3 есе үлкен. Сондықтан осындай фестивальдер біздің өз елімізде өтіп, рухани өмірімізді байытып жатқанының өзі үлкен қолдау.

ÁMEN – анимациялық фильмдердің дәстүрлі байқауы. Қазақ мультфильмінің атасы атанған әйгілі Әмен Хайдаровтың құрметіне үш жылдан бері өткізіліп келеді. Мамандар фестивальді болашақта шетелді ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы