Алматы облысында смарт жылыжай ашылды     

Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің жанынан «ақылды жылыжай» ашылды.

Идея 2019 жылдың сәуір айында елордада өткен Қазақстан-Оңтүстік Корея бизнес-форумынан басталған. Кешен университеттің Алматы облысындағы алқабында орналасқан. Мұнда студенттер, магистр, PhD докторлары теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырады.

Смарт жылыжайдың ашылуына Оңтүстік Корея мен еліміздің бір топ делегаттары қатысты. Аумағы бір гектар жылыжай бір жылда салыныпты. Бұл студенттердің тәжірибемен айналысуына кең молынан жетеді. Сіз әлемнің қай түкпірінде жүрсеңіз де, өсімдіктерді суарып, желдеткішін қосып, түндігін ашып, басқара бересіз. Тек интернет болса, болғаны.

Ким Джон Ку, Корея Ауыл шаруашылығы саясаты департаментінің директоры:

– Бұл жылыжай қазақстандық ғылым үшін де, ауыл шаруашылығы үшін де үлкен мүмкіндік. Бұл жылыжай арқылы екі елдің қарым-қатынасы жақсара түседі деп ойлаймыз. Қазақстан болашақта өз ауылшаруашылық өнімдерін экспорттай алатын болады. Сондай-ақ талантты, жаңа технологияны меңгерген мамандарды тәрбиелеу үшін мол мүмкіндік береді.

«Басқа жылыжайларда бір гектардан жылына 300 тоннаға дейін өнім ала алсақ, бұл жылыжайдан жылына 400-450 тонна өнім алуға болады»,-дейді мамандар. Осы орайда «көп өнім аламыз деп, қара жерді зорықтырып алмаймыз ба?» деген сұрақ туындайды. Сөйтсек, бұнда көкөністерді топыраққа екпейді екен.

Теміржан Айтбаев, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ҒЗИ басқарма төрағасы:

– Арнайы субстратта өсірілетін болды, оның қасиеті топырақ болса, әр түрлі аурулардың, зиянкестердің қоздырғыштары, дернәсілдері жиналып, өсімдіктерге залал келтіреді. Арнайы субстратта ол жыл сайын ауыстырылып отырады. Сондықтан ол жерде аурудың қоздырғыштары, зиянкестері жиналмайды.

Себілетін тыңайтқыштар да органикалық тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғайтын препараттар да органикалық препараттар. Сондықтан жылыжай өнімі таза экологиялық өнім болмақ.

Тілектес Есболов, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры:

– Бір гектардың 0,6 гектары клубника өсіруге, 0,3 гектары помидорға, 0,1 гектары басқа эксперимент жүргіземіз.

Сондай-ақ мұнда тек студенттерге ғана емес, жеке шаруа қожалық иелеріне де арнайы оқыту жұмыстары жүргізілмек.

Авторлары: Кәмшат Әбілқызы, Нұрдәулет Жақсыбаев