Жамбылда саябақты жөндеуге бөлінген 90 млн қаржы талан-таражға түскен

Жамбыл облысы Жуалы ауданында орталық саябақтың құрылысы сапасыз жүргізілген. Былтыр ғана жаңғыртылған демалыс орны бір жылға жетпей тоз-тозы шықты. Жергілікті қоғам белсендісі осылай деп дабыл қақты. Оның пікірінше, саябақты жөндеуге жұмсалған қаржы талан-таражға түсіп, құрылыс кезінде сапасыз материалдар пайдаланылған.

Жуалыдағы орталық саябақтың қазіргі сиқы осы. Демалыс орны былтыр пандемия өршіп тұрған кезде толық жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілген. Салынған стрит варкаут қирап, қазір жарамсыз болып қалған. Кітап оқу алаңы, ашық аспан астындағы сахна бағандары майысып, кейбіреуі бос тұр. Ал субұрқақтар тозып, төселген кеспе тастар ойдым-ойдым болып кеткен.

Жөндеу жұмыстарына бюджеттен 90 миллионнан астам теңге жұмсалған. Қоғам белсендісі Талғат Қуатбеков құрылысқа осыншама қомақты қаржы кеткеніне күмәнданады. Оның айтуынша, саябақтың бір ғана кіре берісінің өзі 7 жарым миллион теңгеге жөнделген. Мәселені айтып, құзырлы органдарға бірнеше мәрте шағымданған. Тіпті, мердігер «Жасыл Жуалы» мекемесінің жауапты тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалғандығын айтып отыр.

Талғат Қуатбеков, Жуалы ауданының тұрғыны:

– Саябаққа жұмсалған қаражатты ескеретін болсақ, бұл саябақты қымбаттығына қарап халықаралық «ФОРБС» журналының тізіміне енгізуге болады. Мемлекеттік аудит тексеріс жүргізіп, мына аркаға 7 млн 448 мың 500 теңге кеткенін растап отыр. Сыбайласқа қарсы шілде айында қылмысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді экспертизаға байланысты қысқартып тастады. Қандай экспертиза жүргізгені белгісіз.

Қоғам белсендісі істі аяғына дейін жеткізбек. Алдағы уақытта сотқа шағым түсірмек. Әкімдік тарапы саябақты жөндеу толық талапқа сай істелді деп отыр. Сапасына да қанағаттанады. Ал жыр болған нысанның кіре берісін жөндеуге үш есе аз ақша бөлінген.

Ерболат Сейтбеков, Жуалы аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

– Кірпіштердің бәрі езіліп кеткен. Ол келешекте құлап қалуы мүмкін. Сондықтан 2,5 млн қаржымен осы арка тұрғызылды. 7,5 миллион деген қаржы қаралған жоқ оған. Менің тарапымнан 2,5 миллион ғана қаржы жұмсалды. Басқа артық ақша жұмсалған жоқ.

Қалай болғанда да саябақтың қазіргі жағдайы мәз емес. Аумағындағы жер телімінің біраз бөлігі жекенің қолына өтіп кеткен. Жаңадан егілген ағаш көшеттері қурап шашылып жатыр. Көпшілік демалып, мәдени шаралар өтетін ауылдағы санаулы орындардың осындай күйде тұруы ауданға сын.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә