Астананың шеткі аумағын абаттандыру қарқын алды  

Елорданың шеткі аумағын тұрғындар үшін жайлы ету басты назарда. Инженерлік желілер құрылысы, газдандыру, жаңа жолдар салу мен жарық шамдарын орнату жоспарда бар. Жергілікті билік биыл 6 тұрғын үй алабы абаттандырылатынын айтады. Бұл жұмыс Президент тапсырмасы аясында іске асады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бас шаһарда 16 тұрғын үй алабы бар десек, бүгінде ондағы халық саны  300 мыңнан асып кеткен. Яғни, әрбір төртінші елордалық осы аумақтарда қоныстанған. Орталық пен қаланың шеткі бөлігінде өмір сүруге теңдей жағдай жасау – атқарушы билік алдындағы негізгі міндеттің бірі. Мәселен, осы мақсатта өткен жылы «Интернационал» тұрғын үй алабы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылды. Жұмыстар биыл да жалғасын тапқан.

Ерқанат Бексұлтанов, қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бөлім басшысы:

– Қазіргі таңда инженерлік желілерді жүргізу жұмыстары жасалып жатыр. Атап айтсақ, бұл – шаруашылық мақсатта қолданылатын кәріз жүйесі мен жаңбыр суына арналған кәріз жүйесі. Биыл қарашаның аяғына дейін Армандастар көшесіндегі 400 метр аумақта жұмыс аяқталады. Желілер тартылып болған соң, асфальт жабындысы төселеді.

Бұдан бөлек, Интернационал тұрғын үй алабындағы  Ұлан, Мереке және Қаражал көшелерін де абаттандыру жоспарда бар. Оның жалпы ұзындығы 1 жарым шақырым болады. Жуырда бұл аумақта кәріз -сорғы стансасы жаңғыртылып, қолданысқа берілген. Себебі халық санының ұлғаюына байланысты ескі құрылғы сарқынды суға төтеп бере алмаған.

Ерқанат Бексұлтанов, қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бөлім басшысы:

– Бұл дегеніңіз, барлық ауыл қамтылады деген сөз. Яғни, ауыл толықтай кәріз суын осында құяды, ары қарай осы жерден қаланың магистральдық желілеріне, тазарту қондырғыларына тасталады.

Дәл осындай құрылыс жұмыстары Достық тұрғын үй алабында да жүріп жатыр. Жоспарға сай, 8 көшеде негізгі коммуникациялық жүйелерден бөлек жаңадан жолдар салынып, жарық шамдары орнатылмақ. Ал мердігерлер мұның барлығын келер жылдың соңына дейін аяқтауға уәде етіп отыр.

Назерке Тоқжан, Жандос Сұлтанғазы