Лондонда жаңартылатын энергетика саласындағы мүмкіндіктер таныстырылды

Лондонда Қазақстанның жаңартылатын энергия көздері саласындағы мүмкіндіктері таныстырылды. Британиялық бизнесмендер елімізде баламалы энергия жобаларын іріктеуге арналған халықаралық аукционға шақырту алды. 

Қазақстанның жаңартылатын энергия көздерін дамыту саласындағы әлеуеті зор. Еліміз 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге ниетті. Жылдың соңында инвесторлар үшін Қазақстанда аукциондар өткізу жоспарланып отыр. Бизнесмендер энергожүйе тұрақтылығын қамтамасыз ететін станциялар салуға тартылмақ. Жеңіске жеткен компанияларға мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктер мен қолдаулар көрсетіледі.

Қайрат Рахимов, ҚР Энергетика вице-министрі:

– Жаңартылатын энергия көздері, өкінішке қарай, бүгінде тұрақты емес. Табиғи жағдайларға тәуелді. Барлық энергожүйе жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін станциялар салу өте маңызды. Заңға енгізілген өзгерістер арқасында қазір нормативтік база, құжаттамалар жасалып, желтоқсан айында бірінші аукциондар өткізу жоспарланып отыр. Станциялардың құрылысына ақша құятын инвесторлар тартамыз деп үміттенеміз.

Қазақстандық тарап бірқатар британиялық бизнесмендермен дидарласып, сұрақтарына жауап берді. Халықаралық тәжірибесі зор әлеуетті инвесторлар аукционға қатысуға ниетті екендіктерін жасырмады. Араларында елімізбен бұрыннан байланыс орнатып келе жатқан компаниялар да бар. Жобаларының жемісін көрген олар серіктестіктерін одан әрі нығайтуды көздеп отыр. 

Джеймс Колтер Иеди, энергетикалық компанияның тең құрылтайшы-серіктесі:

– Біз Қызылорда облысында күннен 120 ваттық электр энергиясын өндіріп сақтайтын жобамен айналысып жатырмыз. Келер жылы оны қолданысқа енгіземіз деген үміттеміз. Қазақстанда шетелдік инвесторларға барлық қолайлы жағдай жасалған және жобаларды жүзеге асыру өте тиімді.

Айта кету керек, алдағы аптада Шотландияның Глазго қаласында Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ конференциясының 26-сессиясы өткізілмек.

Еліміздің премьер-министрі Асқар Мамин қазақстандық делегацияны басқарып барады. Іс-шараға 200-ге жуық елден өкіл қатысады деп жоспарланып отыр. Олар климаттың одан әрі өзгеруі мәселелерін талқылап, тығырықтан шығу жолдарын қарастырмақ. 

Ғалымжан Қараманұлы