Қызылорда облысында әлеуметтік нысандар жаңғыртылып жатыр

«Ауыл - ел бесігі бағдарламасы» аясында Қызылорда облысында 82 жоба іске асты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Сыр еліне жұмыс сапары барысында жаңадан салынған және күрделі жөндеуден өткен бірқатар нысан жұмысымен танысты.

Министр алдымен Сырдария ауданындағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан көше, жаяу жүргінші жолы, арық жүйелері мен орталық стадионның құрылысын көрді. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде Жалағаш ауданының Таң ауылдық округінде 11 жоба жүзеге асып жатыр. Мектебі мен көшелері жаңарған елді мекенде дәрігерлік амбулатория да салынады. Ауылды көркейтуге жергілікті кәсіпкер де сүбелі үлес қосқан.

Жалғасбай Өмірбаев, Таң ауылының тұрғыны:

– Бұрын бәрі ескіріп, тозығы жетіп, көшелерде жаяу адам емес, техниканың өзі жүре алмай қалған еді. Қазіргі жағдайда қаланың көшесінен кем емес. Дәл осы күні біздің ел жүз пайыз болмағанмен, тоқсан пайыз жаңарды десек артық айтқан болмас. Биыл балабақша салынды, мектебіміз жаңғырды.

Сәкен Қойшыбаев, мердігер:

– Ескі ғимаратты бұзып, орнына жаңасын салдық. 200 орынды оқушылар үйі, 50 орынды өнер мектебі салынды. «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша былтыр бастағанбыз. Биыл желтоқсан айында тапсырамыз. 95 проценті бітіп тұр.