Біртанов ісі неге созылып кетті?

Қаржылық мониторинг агенттігі бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ісіне қатысты мәлімдеме жасады.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Біртановтың қылмысын дәлелдейтін дәйектер жоқ болғандықтан, істі әдейі созбаққа салып жатыр деген сыбыс тараған еді. Алайда қаржылық мониторинг агенттігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын жеткізді.

Гаухар Сапарбаева, ҚР қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

– Бұл ақпараттың ақиқат еместігін және қоғамда қате түсінік қалыптастыруға бағытталғанын хабарлаймыз. Қылмыстық істі тергеу ағымдағы жылдың 7 шілдесінде аяқталды. Бұл туралы бірнеше рет ақпарат берілді. Осы уақыттан бастап қорғау тарапы қылмыстық іс материалдарымен танысуда. Тек содан кейін іс сотқа қарастырылуға жолданады. Күдіктінің кінәлі не кінәлі еместігі тек сотпен ғана шешілуі тиіс.

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов былтыр үйқамаққа алынған еді. Соттың соңғы шешімі бойынша қамақ мерзімі 14 қарашаға дейін шегерілген. Оған алдымен бюджет қаржысын жымқырды деген айып тағылған. Кейін бұл айыбы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген бапқа ауысты.