Әуесқой спортшы алматылықтарды жаппай марафонға қатысуға шақырды

«100 шақырым+» онлайн жүгіру челленджіне қосыл! Алматылық Аманжол Әбиев қала тұрғындарын жаппай марафонға қатысуға шақырады.

Ол екі аптаның ішінде 130 шақырым қашықтықты бағындырды. Әуесқой спортшы бұған дейін де бірнеше жарысқа қатысқан. Сондықтан челлендж ережесін қиналмай орындады.

Аманжол Әбиев 3 жылдан бері тұрақты түрде жүгіреді. Оның өзін аяқ астынан бастап кеткен. Кеңсе қызметкеріне артық салмақтан арылу оңайға соқпай жүрген. Бірде поштасына марафон өтетіні туралы хабарлама келіп түседі. Ол дайындалып, жүгіріп көрмекке бекінеді. Сөйтіп алғаш рет 2019 жылы өткен Алматы марафонына қатысып 10 шақырымды бағындырады.

Аманжол Әбиев, әуесқой спортшы:

– Жаңа нәрсе бастағанда қиын болып көрінеді. Денеңіздің барлығы ауырады. Сіз мұнымен айналыспаймын, керегі жоқ ойлайсыз. Эндорфин деген гармон бар, сол бөлінеді. Өзіңе мақсат қойып, оған жеткенде қуанышқа кенелесің.

Қазір Аманжол жүгіруді өмір сүру салтына айналдырған. Тіпті іссапарда жүрсе де тоқтатқан емес. Қандай ауа райы болса да, жүгіріп қайтады. Жасы 31-ге келген Аманжол көпбалалы әке. Қазір 4 баласының үлкені 8 жасар қызы да жеңіл атлетикамен айналыса бастаған. Ал өзі марафонға ұдайы қатысады. Бұл жолғы онлайн жарысқа да алғашқылардың бірі болып тіркелді.

Аманжол Әбиев, әуесқой спортшы:

– Әлеуметтік желіде бағдарлама бар. Сонда есептеп отырады, Қанша километр жүгіргеніңізді қарап отырсаңыз болады. Көп адам үшін 100 км үлкен қашқтық болып көрінуі мүмкін. Бірақ егер күнде, күнара 5 км жүгіріп отырсаңыз, жеңіл орындауға болады. Бәрі өзіңіздің ынтаңызға байланысты.

Оның мамандығының спортқа қатысы жоқ. Фармацевтика саласында жұмыс істейді. Бұған дейін 7 марафонға қатысып үлгерген оның алдағы жоспары ауқымды.

Аманжол Әбиев, әуесқой спортшы:

– Келесі жылға Тенгри ультраның 70 км толық дистанциясын жүгіргім келеді. Ирбис рейс деген бар. Ол тауда жүгіретін жарыс. Турцияда өтетін Кападокия деген жарыс бар. Сонда 63 км бағындырғым келеді.

Челлендж қараша айының соңына дейін жалғасады. Қазірдің өзінде оған қатысушылар саны мыңнан асып кетті. Соның 300-ден астамы 100 шақырымды жүгіріп тастады. Жүлде қоры 1 жарым млн. Дәрігерлердің айтуынша, жүгіру қартаюдан сақтайды. Тек күнделікті бір сағат жүгірудің өзі адам өмірін 7 сағатқа ұзартады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбеква, Валентин Лобанов

Сондай-ақ...