Атырау облысындағы мектеп құрылысының кешеуілдеуіне не себеп

Атырау облысында 3 жаңа мектепке оқушылар қырқүйектің бірінде кіруге тиіс еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір оның екеуі іске қосылды, ал үшіншісінде қоңырау сыңғыры әзір естілмейтін түрі бар.

Бала саны жыл сайын артып келе жатқан мұнайлы аймақта мектеп мәселесі өткір тұр. Өңірде 12 білім ордасының құрылысы жүріп жатыр. Алайда материалдардың қымбаттауы мен пандемияға қатысты қиыншылықтар әлеуметтік маңызы бар нысандарды уақытылы ашуға кедергі.

Жаңа оқу жылында облыс бойынша 8 мектеп пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда оның екеуінің құрылысы қазан айының басында ғана аяқталды. 

Арыстанбек Кенже, тілші:

– Жаңа оқу жылында пайдалануға тиісті 3 мектептің бірі – осы Береке ықшам ауданындағы 1200 орындық ғимарат. Мұнда негізгі құрылыс аяқтала келгенімен, әлі қабылдау жұмыстары жүріп жатыр.

Нұрберген Құсайынов, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

– Бұл мектеп құрылысының аяқталмай қалу себебі, 2020-21 жылдағы пандемияның және құрылыс материалдарының қымбатсып кетуіне байланысты кестеден кешікті. Биыл тағы 3 мектептің құрылысы аяқталады жоспар бойынша. Сонымен қатар қалған 9 мектептің ауыспалы кезеңмен келесі жылдары пайдалануға беріледі.

Әрине, бұл жоспар бойынша. Алайда қазір құрылыс жұмысына басты қолбайлау: сырттан тасымалданатын материалдардың күрт қымбаттауы. Соңғы жарты жылда олардың бағасы 70-80 процентке, тіпті кейбірі екі-үш есеге көтеріліп кеткен.

Мәмбет Оразаев, мердігер мекеменің өкілі:

– Ағаштың өзі 6 ай бұрын 1 кубы 65 мың болса, қазір145 мың болып кетті. Темір 219 мыңнан, қазір 420 мыңға көтерілді. Соның себебінен құрылыс жұмыстары кешеуілдеп жатыр. Сметалық қаражатқа байланысты ол да қаралмаған, соның себебінен құрылысты аяқтау мерзімі созылады.

Бұл жағдай тек мектеп құрылысына ғана емес, өңірдегі барлық әлеуметтік жобаның мерзімінен кешігуіне әкеліп соқтырып отыр. Қазір құрылыс жүргізіп жатқан компаниялар негізгі тасымалдаушылармен осы жылдың аяғына дейін ғана келісім шарт жасасқан. Ал жаңа жылдың қандай «сый» әкелері әзірге белгісіз.

Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев