Ақтөбеде ветеринарлық клиника тапшы

Жануарларды емдейтін ветеринарлық клиника жоқтың қасы. Ақтөбеде қоғам белсенділері осындай мәселе көтерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде кенжелеп қалған саланы дамытуға білікті мамандар да таптырмайды.

Бақтияр Қамбар мемлекеттің қолдауымен ветеринариялық клиника ашқан. Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарлама аясында 584 мың теңге грантқа қол жеткізіп, қажетті құрал-сайман  алған. Батыс Қазақстан облысындағы жоғары оқу орнын мал дәрігері мамандығы бойынша тәмәмдаған жас жігіт саланың қыр-сырын тәжірибе тұрғысынан енді меңгеріп келем дейді. 

Бақтияр Қамбар, мал дәрігері:

– Жас маман болғаннан кейін әрине саған сенімсіздік танытады. Үй жануары өздерінің отбасы мүшесі ғой. Сондықтан сенгісі келмейді. Риза қылу керек жануарды да, үй иесін де. Бір нәрсемен тоқтап қалмай, әрі қарай болады. Бұл да медицина. Күнде бір нәрсе біліп тұру керек.

Асыл тұқымды ит-мысық асырау әлемдік үрдіске айналған. Көштен Ақтөбе де қалмақ емес. Сондықтан ветеринариялық қызметке сұраныс жылдан жылға артып келеді. Бұралқы ит мәселесі де көптің көкейінде жүр. Түрлі жұқпалы дерттің тасымалдаушысы болатын көшедегі қаңғыбас жануарлар санын азайту үшін де қоғам белсенділері ветеринар мамандарды жұмылдырып, жаппай ұрықсыздандыру қажет дейді.

Татьяна Острецова, «Қамқор» жануарларды қорғау қоғамының президенті:

- Бізде ветеринария саласындағы бірқатар қызмет түрлері атымен жоқ десе болады. Мәселен, жедел жәрдем, стационарлық қызмет, төлдету сияқтыларды таба алмаймыз. Сондықтан бұл саланы дамыту қажет. Ал бұралқы ит-мысықтарға қызмет көрсету үшін мемлекет тарапынан қолдау керек.

Алайда бүгінгі күні мамандықты игеруге ниетті жастар аз. Өңірдегі ауыл шаруашылығы колледжін соңғы үш жылда 136 ветеринар тәмәмдаса, оның тең 5-і ғана арнайы клиникада үй жануарларын емдейді. 

Жұлдыз Баймұқашева, ауылшаруашылығы колледжі директорының орынбасары:

– Соңғы көрсеткіштер бойынша айтып өтетін болсақ, біздің колледж түлектері өзіміздің әлеуметтік серіктестерде жұмысқа орналасқан. Жекесеріктестік, шаруа қожалығы, одан қалды Ақтөбе облыстық білім басқармасы арқылы аудандық ветеринариялық станцияларда, өздерінің жеке шаруа қожалықтарын ашып жұмыс жасауда.

Яғни мамандардың дені шаруа қожалықтарына шоғырланып, төрт түлікке ем дом жасайды. Ал ит-мысыққа ветеринариялық көмек мәселесі облыс орталығында ішінара шешімін тапса, шалғайдағы ауыл-аймақта тіптен елеусіз қалған. Сондықтан ауылдағы ағайын сырқаттанған құмай тазысын әзірге қалаға тасуға мәжбүр.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков