«Ауыл – ел бесігі». Павлодар облысындағы елді мекендерде қандай жобалар жүзеге асуда

Роман Скляр Павлодар облысында «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысын тексерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үкімет басшысының орынбасары 5 ауылды аралап инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандарды көрді. Биыл осы бағдарлама арқылы Ертіс өңірінде жалпы халық саны 25 мың адамнан асатын 22 елді мекенде инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары қолға алынған. Қазір жоспарланған 70 жобаның басым бөлігі аяқталды. Роман Скляр Ертіс ауданындағы Қызылжар ауылында болды. Бұрынғы ғимаратты жаңарту арқылы пайдалануға берілген мәдениет үйінде болды. Жергілікті мектепте атқарылған істерді көрді. Мұнда 9 ауылішілік жол кеңейтіліп, асфальтталған.

Вице-премьер Ақтоғай ауданы Приреченское ауылында да болып, бірқатар нысанды аралады. Мұнда да әлеуметтік нысандар жаңартылып, жолдар жөнделген. Ал Павлодар ауданы Новочерноярка ауылында мәдениет үйі жаңартылған. Мектеп те күрделі жөндеуден өтіп, жол бойы көркейген. Заря ауылында футбол алаңы пайда болды. Аққулы ауданында да осындай игі істер атқарылып, ауылдар көркейе түскен.