Бес мың тонна өнім, 860 тауар өндіруші: елордада биыл 14 жәрмеңке ұйымдастырылды

Елордада жыл сайынғы ауыл шаруашылық жәрмеңкесі аяқталып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Ақмола облысының тауар өндірушілері қала тұрғындары мен қонақтарына табиғи өнімдерін арзан бағада ұсынды.

Елорда тұрғындары бұл демалысты асыға күткендей. Себебі биылға жоспарланған соңғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне асықты. Қысқа бал, балық, ет және сүт өнімдерін қамдап алу қажет. Ақмола облысының жәрмеңкесі де көпшілік көңілінен шықты.

Зылиха Темірболатова, қала тұрғыны:

– Ақмола облысы дегесін қуанып келдік. Барлығы жақсы, бағалары да тиімді, мол барлығы.

Валерий Ильин, қала тұрғыны:

– Ет көп әкеліпті. Мен енді ғана келіп, бәрін аралап көріп жатырмын. Жалпы баға басқа жәрмеңкелердегідей екен. Бұл соңғысы болғасын келдік.

Жаздан бері елордада 14 жәрмеңке ұйымдастырылды. 860 тауар өндірушінің 5000 тоннаға жуық өнімі әкелінді. Баға нарықтан 10-15 процентке арзандау. Тұрғындар жәрмеңкедегі жергілікті кәсіпкерлерді де танып жатты.

Руслан Идрисов, қалалық сауда және қызмет көрсету саласын дамыту бөлімінің басшысы:

– Биыл әкімдік жәрмеңкелерге өзге өңірлердің тауар өндірушілерімен бірге жергілікті кәсіпкерлерді де қатыстыруға шешім қабылдады. Міне мына жақта қалалық кәсіпкерлер болса, мына жақта қонақтарымыз тұрады. Сол себепті баға айырмашылығы байқалады. Десе де, облыстағы тауар өндірушілер өз өнімін әкелгесін, арзандау. Біз бәрін бір апта бұрын келісіп, бекітеміз. Тұрғындар ет пен сүттен бөлек, ол өңірде шығарылмайтын тауарды да іздейді. Міне, оларға біздің кәсіпкерлердің өнімі ұсынылады.

Қала билігі әлеуметтік маңызы бар тауар құнын тұрақтандырудың бар амалын жасап жатыр. Ет, көкөніс және сүт өнімдерін өндірушілермен келісім жасалды. Жеке инвесторлар да таза өнім шығаратын нысандар салуға күш салуда.

Мерей Мұратханқызы, Артур Горшняков