Павлодар облысында күзгі жиын-терімнен мол өнім түсті

Павлодар облысында күзгі жиын-терім аяқталды. Биыл өнім мол. Алтын дән қамбаға құйылып, көкөніс пен бақша дақылдары қоймаға жиналды. Қазір майлы дақылдар орылып жатыр. Успен ауданында көрсеткіш былтырмен салыстырғанда екі-үш есе жоғары, дейді шаруалар.

Бұл аудандағы ірі егін шаруашалықтарының бірі.  Үш мың гектар алқапқа бидай, арпа, сұлы, қарақұмық егеді. Астық жинау науқанын толық аяқтаған диқандар қазір күнбағыс жинап жатыр. Шаруашылық басшысы Николай Романенко күнбағысқа нақты бағаның белгіленбегенін айтып қалды.

Николай Романенко, шаруа қожалығының басшысы:

- Ағымдағы жылы күнбағысқа сұраныс түскен жоқ. Квота берілмеген сыңайлы. Сондықтан жергілікті тауар өндірушілермен жұмыс істейміз. Нақты келісімге келмедік. Қазіргі баға шамамен 200 теңге. 

Биыл жарма дақылдарына тапсырыс көп түскен. Оның ішінде қарақұмық бұрын-соңды болмаған сұранысқа  ие болып отыр.

Николай Романенко, шаруа қожалығының басшысы:

- Қарақұмық биыл ерекше сұраныс тудырды. Өнім көрсеткіші жаман емес. Сондықтан оны өткізуде ешқандай қиындық болған жоқ. Бидай мен арпаны сұрап хабарласып жатқандар көп. Біз олардың бәрін өткізіп тастадық.

Успен ауданында егіс алқаптарының көлемі 200 мың гектардан асады. Оның 140 мың гектарына астық салынған. Елу алты мың гектарын күнбағыс алқаптары алып жатыр.

Ерлан Айтмақұшев, аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі:

- Астық ору науқанын барлық шаруашылықтар аяқтады. Қазір күнбағыс жинап жатырмыз. Біздің ауданда 100-ге тарта қойма нысаны бар. Олардың бәрі астық қабылдауға дайын. Биыл өнім көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда екі-үш есе жоғары болды.

Шаруалар ауа райының қолайлы сәтін тиімді пайдалануға барын салып жатыр. Өнімді ысырапсыз жинауға күш салмаса болмайды. Күнбағыстың дәні толып, сабақтары саудырап кепкенше қар басып қалатын кездер аз емес.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат