COVID-19: балалар симптомды түрде ауруы мүмкін

Коронавирустың мутациялануына байланысты балалар да штамдардың бірін жұқтырып, симптомды науқастардың қатарын толықтыруы мүмкін.

Симптомсыз болғанның өзінде де жұқпалы ауруды қоғамға тасымалдауы бек ықтимал. Бұл мәселе әсіресе дәстүрлі оқу форматына көшкеннен кейін өзекті болып отыр. Індеттің алдын алу мақсатында және вирустың ауыр түріне ұласып кетпеуі үшін 12 жастан асқан балалар мен жасөспірімдер «Пфайзер» екпесін өз еркімен және ата-анасының келісімі арқылы салдыра алады. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің директоры Жұмабек Бекенов былай дейді:

Жұмабек Бекенов, қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының департамент директоры:

- Осы ковидтің қиындай түсуіне байланысты басқа Еуропа, Америка елдерінде 18-ден төменгі 12-ке дейінгі жастардың арасында тексерулер жүргізіліп, оның зиянсыздығын анықтағаннан кейін барып, ол елдерде егу жұмыстары енгізіле бастады. Ол және өте жақсы нәтиже беріп отыр. Көрші Қытайда, Еуропада 3 жастан бастап, 12-ге дейінгі жастарды қазір вакцинаның тиімділігін, оның қауіпсіздігін анықтау жұмыстары қазір жүріп жатыр.  

Балалар арасында COVID-19 бен астасқан мультижүйелік қабыну синдромы былтыр тамыз айынан бастап байқала бастады. Педиатрия және балалар хиругиясы ғылыми орталығының мамандары жүргізген зерттеу нәтижелері бойынша синдром бүлдіршіндер мен жасөспірімдерде коронавирус инфекциясын жұқтырғаннан кейін 2-6 аптадан соң пайда болады.