«Ауыл - ел бесігі»: БҚО жоба аясында шекара маңындағы елді мекендерді жаңартуды көздейді

Батыс Қазақстан облысында биыл «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында 58 мыңдай халқы бар 16 ауылды түлетуге 5,4 миллиард теңге қаралған. Қаржының басым бөлігі жол құрылысын дамытуға және әлеуметтік инфрақұрылым мен тұрғын үй коммуналдық саласын қамтитын 36 жобаны жүзеге асыруға жұмсалады. Аймаққа жұмыс сапарымен барған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев жобаның нәтижелерімен танысып, қалпына келтіріліп жатқан гидрологиялық нысандарды аралады.

«Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында биыл облыстың бірнеше ауданында ауылішілік жолдар жөнделді. Тротуарлар салынып, көшелер жарықтандырылды. Әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеу бойынша 10 жоба жүзеге асуы тиіс. Бұл мақсатқа 1 жарым миллиард теңге қаралған. Қазіргі таңда құны 700 миллион теңгеге жуықтайтын 6 жоба бойынша жұмыстар аяқталды. Үш жүзден аса жаңа жұмыс орыны ашылды. Дегенмен, өңірдегі 426 ауылдық елді мекеннің тең жартысы ғана перспективалы ауылдар тізбесіне енгізілген. «Ауыл – ел бесігі» жобасына бөлінген қаржы көлемі мардымсыз, дейді сала мамандары. 

Тілепберген Қаюпов, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы:

- Яғни көршілес Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облысындағы АЕМ санымен салыстырғанда халық саны бойынша Маңғыстауға 4,8 миллиард теңге бөлсе, бірақ оларда 58 елді мекен. Біздерде 426 елді мекен, бізге 5,4 миллиард теңге бөлінеді. Яғни Маңғыстау мен біздің айырмашылығымыз 600 миллион теңге. Қаржыландыру халық санына емес, АЕМ санына қарай лимиттерді айқындаған дұрыс деп санаймыз. Себебі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы басқа мемлекеттік бағдарламаларға қарағанда өте өміршеңдігін көрсетті. Халық күтіп отыр.   

«Ауыл - ел бесігі» жобасы шеңберінде облыстың болашағы бар ауылдық елді мекендерінің тізбесіне 265 мыңдай тұрғыны бар 77 тірек, 35 стратегиялық маңызды шекара маңы және 110 спутниктік елді мекендер кіреді. Бұл ретте халық үдере көшпес үшін шекаралас аумақтағы елді мекендерге басымдық берудің маңызы зор.  

Серікқали Брекешев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Біз Бәйтерек, Сырым және Қаратөбе аудандарындағы бірқатар нысандарды барып көрдік. Алайда бағдарламаны жүзеге асыруда нақты проблемалар бар екенін атап өткім келеді. сонымен қатар барлық нысандар белгіленген мерзімде тапсырылғанына назар аудару қажет. Бұл ретте сапа мәселесі ерекше бақылауда болуы тиіс. Стратегиялық маңызын ескере отырып шекара маңындағы ауылдарды бұл бағдарламаға тарту өте өзекті болып табылады.

Ғали Есқалиев, облыс әкімі:

- Өңіріміздегі 12 ауданның 7-і шекаралас ауданда орналасқан. Шамамен 758 мыңға жуық халық тұрады. 98 АЕМ бар. Осыған байланысты Үкіметке шекара маңы аумақтарын дамыту үшін арнайы бағдарлама қажеттігін туралы өтінішімізді жеткізуді сұраймыз. Және жаңа айттыңыз балық, орман көлемдерін ұлғайту керек. Әрине біз оны орындаймыз. Бірақ барлығы суға тіреліп отыр. Су болса балық та өсіре аламыз, ормандарды да көбейте аламыз. 

Бұдан кейін министр Жайық-Көшім жүйесі арқылы Қараөзенге су жеткізуі тиіс Киров-Шежін магистральды каналын қалпына келтіру жобасымен танысты. Жобаның төртінші кезеңі аясында сорғы станциясының құрылысы басталды. Су сору бір жүзбелі сорғы станциясы мен 8 сорғы агрегатының көмегімен жүзеге аспақ.

- Ең бірінші мақсатымыз – осыны бітіріп жайықтан келетін тегін суды Қарөзенге құйып Ресейден келе жатқан судың ақшасын азайту. 

Ведомство басшысы сондай ақ Ұзынкөл су қоймасын қалпына келтіру жобасымен де танысты. Сонымен бірге Ақжайық және Теректі ауданының халқы үшін стратегиялық маңызға ие Жайық-Шалқар, Солянка - Азнабай -Тайпақ және Азнабай -Тайпақ секілді үш бірдей магистральды каналдың жай-күйі де сөз болды.

Айта кету керек, соңғы жылдары аймақта ауылдық елді мекендерді тіршілік нәрімен қамту ең өзекті мәселеге айналды. Егер аталған жоба сәтті жүзеге асса 180 мың гектар болатын табиғи жайылым жерлерге су жетер еді. Бұл өз кезегінде осы өзен арнасының жағалауындағы 12 мыңдай тұрғыны бар ауылдардың жағдайына оң әсерін тигізбек.

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов