430,43 492.25 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы вакцинаға арналған тоңазытқыштар алып берді

  • 139
  • UPD: 22:33, 30.10.2021

Қарағанды өңіріндегі емдеу мекемелері «Pfizer» вакцинасын қабылдауға дайын. Ол үшін «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы арнайы тоңазытқыштар сатып алып, облысқа жеткізді. Мамандардың айтуынша, екпенің бұл түрі 70 градус суықтықта ғана сақталады екен. Сондықтан оны елімізге әкелу бұған дейін мүмкін болмаған. Енді Қарағанды аймағы жұрт күткен вакцинаға алғаш болып қол жеткізеді.

Көптен күткен «Pfizer» вакцинасы елімізге қараша айының басында жеткізіле бастамақ. Ерекшелігі, ол тек 70 пен 90 градус арасындағы суықтықта ғана сақталады екен. Сондықтан бірінші кезекте емдеу мекемелерін арнайы тоңазытқышпен қамтамасыз ету керек болды. Қарағанды өңірі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының қаржылай қолдауымен бұл жұмысты алғашқы болып жүзеге асырып отыр.

Биджу Наир, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Бас директоры:

- Қазақстанға «Pfizer» вакцинасын жеткізуге үлес қосып жатқанымызға қуаныштымыз. Айта кету керек, «АрселорМиттал Теміртау» - республика бойынша екпе жұмыстарын ерте аяқтаған компаниялардың бірі. Бүгінгі күні үлкен ұжымның шамамен 90 проценті вакцина алды.

Қарағандыға 97 тоңазытқыш жетікізілді. Оның 528 литрлік төртеуі облыстағы қан орталығына орнатылды. Ал 100 литрлік 43 мұздатқыш өңірдегі емдеу мекемелеріне үлестіріліп берілген.

Джелсон Батиста, «Арселор Миттал Теміртау» атқарушы директоры:

- 54 тоңазытқыш вакцинаны тасымалдауға арналған. Оның әрқайcысына 1,8 литр екпе сыяды. Бұл дегеніңіз, шамамен 1700 доза. Өте ыңғайлы. Шағын мұздатқыштардың арқасында вакцинаны облыстың түкпір-түкпіріне жеткізуге болады.  

Тоңазытқыштарды тапсыру салтанатына Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов қатысты. Вице-премьер жақын күндері еліміздің басқа да облыстары осындай мұздатқыштармен қамтылатынын атап өтті.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Осы айдың ішінде толықтай Қазақстан бойынша қажетті мұздатқыштардың барлығы қамтамасыз етілуі керек. Бүгін көптеген облыстар осындай мәселелермен айналысып жатыр. Қарағанды өзін осындай мұздатқыштармен толық қамтамасыз етіп отыр.  

Айта кету керек, тоңазытқыштарды сатып алуға компания 180 миллион теңге қаржы жұмсаған.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы