Нұр-Сұлтанда Ақмола облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті

Елордада Ақмола облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Оған 130 тоннадан аса ет-шұжық өнімдері, 50 тоннадай сүт өнімі және басқа да тауар түрлері әкелінді. Баға нарықтан 10-15 процентке арзан. Бұл ел астанасындағы жәрмеңкеге қатысқан соңғы өңір.

Ақмола облысының жәрмеңкесі көл-көсір өнімімен ерекше. 200 тауар өндіруші 500 тоннаға тарта ауыл шаруашылығы тауарын алып келген. Оның жалпы құны 400 млн теңгеден асады. 

Ғалымжан Әбдіхалықов, Ақмола облысы әкімінің орынбасары:

- Тауарларды бағасы Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілігімен келісілген. 10-15, кей тауарлар 20 процентке дейін арзандатылған. Бағдарлама бойынша 9-да басталуы керек еді, 07:30-нан бастап, халық келіп, Ақмола облысының өнімін алып жатыр. Сұранысын біз білеміз. Бұрын екінші күні түске дейін бітіп қалса, бүгін екінші күн кешке дейін жететіндей алып келдік. Бәрі есеппен. 

Жәрмеңкеде 50-ден аса азық-түлік түрі ұсынылды. Оның ішінде 8 тонна балық және 14 тонна ұн әкелінген. Халық сұранысындағы сиыр еті 2000 теңгеге, жылқы еті 2200, қой еті 1900 теңгеге сатылды. Сүттің литрі 230 теңге. Бастысы, сауда алаңдарында санитарлық талаптар сақталған. Көпшіліктің көңілі көтеріңкі.

- Қалада тұрғандықтан ауылдың тамағын алғың келеді. Сол себепті жәрмеңкеге келдік. Көп нәрселер бар, алдық. Ет аламыз. Бағалары супермаркеттен қарағанда арзандау.

- Жәрмеңкеміз өте жақсы. Именно Көкшетау облысының. Еттері де жақсы, бүкіл жеміс, тағамдарының бәрі жақсы. Халық көп алып жатырмыз. Міне өзіміз де жарты ет алып жатырмыз. Жылқының етіне қуанып тұрмыз. 

Жалпы Ақмола облысы астананы толықтай сапалы өніммен қамтып отырған өңір. Жыл басынан бері 100 мың тоннадай сүт өнімі, 24 мың тонна ет және 200 млн дана жұмыртқа жеткізілген.

Мерей Мұратханқызы, Артур Горшняков