Қызылордада «ақтауға жатпайтын» іс құжаттары қайта қаралды

Сыр өңіріндегі репрессия құрбандары атылған жерлерге археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу қажет. Өңірде қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның осындай ұсынысы бар.

Қызылорда қаласының маңында жиырмасыншы ғасырдың 20-40-шы жылдары жазықсыз өлім жазасына кесіліп, атылған адамдардың мүрделері табылған 3 аумақ анықталған. Ғалымдар мұндай жерлер аймақта әлі де көп болуы мүмкін дейді. Ол үшін архив құжаттарын тереңірек талдау керек.

Қазір жұмысшы топ Қызылорда облысы ішкі істер департаментінде «ақтауға жатпайды» деп белгі соғылған 12 қорды зерттеп жатыр. Оның ішінде 1940-1950 жылдар аралығында сотталған, бірақ ақтауға жатпайтын азаматтар туралы 70 істі қарап, 145 адамды ақтауға ұсынған.

Айтжан Оразбақов, тарих ғылымдарының кандидаты

– Архивтерден ашылған мәліметтерге қарайтын болсақ, сол атылған жерлеріне байланысты нақты деректер документтерде жоқ. Ел аузындағы материалдар негізінде жасалынып отыр. Репрессия құрбандарын толық ақтау туралы облыстық комиссия мүшелерінің атынан ұсыныс бергіміз келіп отыр. Осы аталған жерлерде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілсе, құмның құрамындағы биологиялық қалдықтар бар ма, жоқ па, соны анықтаса деген.