Көне қорымның сыры көп...

Археологтар Ақмола облысының аумағынан 100-ге жуық құнды жәдігер тапты.

Қазба жұмыстары бірнеше ауданда жүргізілген. Көне заманнан сыр шертетін бұл дүниелер қазір зерттеліп жатыр.

Кремний тасынан қашалған  найзаның ұшы қолдан жасаған. Қарудың бұл бөлшегі тас дәуірінің соңына тиесілі, – дейді мамандар. Биыл археологтар мұндай жәдігердің бірнешеуін тапты. Осы жылдың мол олжасы тек жауынгерлік заттар емес, тұрмыстық мақсатта қолданылған дүниелер де баршылық. 

Жасұлан Үкеев, археолог:

– «Красный Яр қонысынан табылған ерекше жәдігерлер – мына сүйек біздер, инелер. Яғни, бұндай бізде сирек кездеседі. Өте жіңішке. Көрдіңіз бе, міне. Осындай инемен балық шаруашылығының торларын немесе киімдерді тігуге арналған болса керек. Өте жіп-жіңішке. Кәдімгі инеге жақын келеді. Сосын ерекше неміз сүйек біздер, екі жақты инелер. Бұл да тоқымашылыққа өте ыңғайлы. Бір жағымен де ілесің, екінші жағымен де ілесің, тесесің деген сияқты.

Ботай мәдениетінен сыр шертетін Красный яр қонысынан бөлек, биыл Жақсы ауданының Баубек батыр ауылы түбіндегі сақ қорғаны мен Атбасар ауданындағы Магдалиновка ауылының маңайы да зерттелді. Алайда соңғы екеуінде археологтар күтпеген жағдайға тап болды. Қорымдарды тонап кеткен. 

Жасұлан Үкеев, археолог:

– «Сақ дәуірі қорымының үстінен қылыш табылғаннан кейін барлау жұмыстары барысында одан әрі зерттеу керек болды ғой толықтай. Бетінде қылыш жатса, онда астында мүмкін Алтын адам жатыр ма, Алтын адамға ұқсас бір жәдігерлер табыла ма деген сияқты. Сондай үмітте болдық. Бірақ өкінішті. Сыртқы пішініне қарағанда тоналмаған сияқты болды. Және де сол жерден су ұңғымасының басы шықты. Яғни, бұл сол тоналып кеткен бе деген сондай.

Жалпы, бізде тоналған қорым көп, – дейді мамандар. Айтуларынша, құнды дүниелерді қолды қылу ерте заманнан басталып, бүгінге күнге дейін жалғасып келеді. Дегенмен зерттеушілердің табанды еңбегінің арқасында төл тарихымыз тереңнен зерттеліп жатыр. Мәселен, осы жазда Жарқайың ауданынан 4 мың жыл бұрынғы жауынгерлік балта табылды. Мұндай жәдігер аймақта бұрын-соңды кездескен емес. Ерекшелігі, ол бірнеше металдың қосындысынан жасалған. Артефакт енді Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталады.

Жалпы музей қорында қазба жұмыстары барысында анықталған 7 мыңнан астам түрлі жәдігер бар.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко, Виктор Полянный