Қарағандылық шебер төрт түліктің сүйегін түрлі бұйымға айналдырды

Сарытөбе ауылында тұратын Жомарт Мәлік төрт түліктің сүйегінен ұлттық нақыштағы түрлі бұйымдар жасайды. Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында тұратын азаматтың қолынан шыққан дүниелерге қызығып, арнайы келіп сатып алатындар бар. Өйткені қазір қолөнердің бұл түрімен айналысатындар некен саяқ. 

Таңбалы тас дейді ғой. Өзіміздің еліміздегі тасқа салынған суреттерді осы сүйекке бейнелегенмін. Жандарында қазақ оюлары бар.

Жомарт Мәлікке бұл өнер әкесінен дарыпты. Алғашында ағаш пен темірден түйін түйсе, кейін мал сүйегін кәдеге жарата бастаған. Ұлттық нақыштағы күрделі туындыларды жасау үшін айлап еңбектенеді екен. Әуелі төрт түліктің қаңқасын сірке суына қайнатып, әбден кепкен соң, қажет дүниесін қашап шығарады. Ерекшелігі, сүйекті ешқандай түске боямай табиғи қалпын сақтайды.

Жомарт Мәлік, қолөнер шебері:

– Ет жеген соң сүйектері қалады ғой. Сол сүйектерді алып келіп, тағы бір мәрте қайнатамын. Сода қосып, бір жағынан майын кетіремін, бір жағынан жұмсарады. Көбінесе жауырын сүйектерін оямын. Сүйекке түрлі ұлттық нақыштағы суреттерді бейнелеймін. 

Қолөнердің ұмыт болып бара жатқан көне түрін насихаттап жүрген Жомарт Мәлік апта сайын өзі құрған «Қазақтану» орталығында тегін шеберлік сабағын өткізеді. Сондай-ақ ауыл мектебінде дәріс береді. Осы күнге дейін талай шәкірт тәрбиелеген. Арасында кәсіби тұрғыда айналысып жүргендері де бар.

Ақылбек Ерлан, Сарытөбе орта мектебінің оқушысы:

– Жомарт мұғалімнің жасаған бұйымдарына, қобыздарына, киіз үйлеріне қызығып, осы «Жас шебер» үйірмесіне келдім. Осындай сүйектерден, ағаштардан заттар жасауға болады. Және де мүйізден балық, мүсін жасауға болады. 

Айта кету керек, шебер сүйектен бөлек, былғары мен ағаштан да көздің жауын алатын көркем дүниелер жасайды. Төрт түліктің сүйегі ғана емес, мүйізі, тұяғы, тіпті тістері де іске жарамды, – дейді. Олардан түрлі музыкалық аспаптар, ыдыс, шақша секілді тұрмысқа қажетті заттарды жасауға болады екен.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев