COP26: Климаттың өзгеруімен күрес бойынша халықаралық конференция басталды

Климаттың өзгеруі – жер шарының басты проблемасына айналды. Өзара мәмілеге келе алмай жүрген адам баласы үшін енді табиғат қауіп болып тұр. Шотландияның Глазго қаласында Климаттың өзгеруімен күрес бойынша халықаралық конференция басталды. Ғаламдық жылыну мәселелері мұнда екі апта  бойы талқыланады. 

Алты жыл бұрын мемлекеттер климаттың өзгеруімен бірлесе күресуге уағдаласқан болатын.

Париж келісіміне сәйкес олар ғаламшардың қыздырылу деңгейін 2 градусқа дейін сақтап, яғни индустрияландыру дәуіріне дейінгі деңгейге жеткізулері қажет еді. Енді COP26 халықаралық саммитінде алғашқынәтижелерімен бөлісулері керек.

COP26 – Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше тараптардың 26-шы конференциясының қысқа атауы. Тарихқа үңілсек СOP1 1995 жылы Германияда өткізіліпті. 26 жылдан бері әлем елдері климаттың өзгеруі мәселесін талқылаумен келеді. Биылғы жиынды Ұлыбритания өз елінде өткізуге қатты құлшыныс білдірді. Өйткені мұнда климаттың өзгеруімен күрес мәселесіне маманданған аса беделді ғалымдардың командасы жұмыс істейді.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер министрі:

– СОП26 ғаламшарды сақтап қалу үшін өте маңызды, бірақ сонымен қатар оның көтерер жүгі ауыр. Бүгінде Ұлыбритания төрағалығы аясында маңызды мәселелер бойынша келісімге келу мүмкін болды. Мен күнде әлем көшбасшыларымен байланыс ұстап отырмын. Олар кейбір міндеттемелерді мойнына алды. Бұл жеткілікті ме, жоқ па? Айту ерте деп ойлаймын.

Орталық Азиядағы жылыну процесінің жылдам қарқын алуы да алаңдаушылық тудырып отырғаны белгілі. Мәселен, Қазақстан бидай мен ұн өндіруші ірі елдердің ондығына кіреді және жылына 7 миллион тоннаға дейін бидай экспорттайды. Бірақ жағдай нашарласа, 2030 жылға қарай бидай өнімі шамамен 40 пайызға төмендеуі мүмкін. Сондықтан шұғыл әрекет керек. Кейбір отандық компаниялар бұл бағытта жұмысты бастап кетті.

Ернат Бердіқұлов, қазақстандық компанияның өкілі:

– Біз үшін климаттың өзгеруімен күрес өте маңызды мәселелердің бірі. Біз көміртектің ізін алдағы 10 жылда 10 процентке азайтуды және Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай 2060 жылға қарай көміртек бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отырмыз.

Климаттың өзгеруімен күрес бойынша бірнеше жылға созылған келіссөздердің бітетін түрі жоқ. Айтарлықтай өзгеріс тағы байқалмайды. Бірақ британиялық билік өкілдері конференцияға қатысушы мемлекеттер көмірқышқылы газынан таза ел болу міндеттемесін мойнына алып, СОP26 тарихқа алтын әріптермен жазылады деп үміттенеді.

Ғалымжан Қараманұлы