Павлодарлық спортшы Францияда әлем чемпионатының жүлдегері атанды

Францияның Версаль қаласында есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында дзюдодан чемпионат аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған әлемнің 26 елінен 150-ден астам спортшы қатысты. Әйелдер 63 кг, 70 кг, 78 кг және +78 кг, ерлер - 81 кг, 90 кг, 100 кг, сондай-ақ +100 кг салмақ дәрежелерінде өнер көрсетті. Қазақстан құрамасында павлодарлық үш спортшы бар: Марғұлан Байкенов, Арман Жамауов және Ольга Гараева. 

– Ольга Гараева +78 санатында еліміздің әйелдер құрамасы сапында әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды, - деп хабарлады Версальда спортшылармен бірге жүрген жаттықтырушы Геннадий Маменов.

Жеке біріншілікте Ольга бесінші орынды иеленді. Марғұлан Байкенов пен Арман Жамауов Nage no Kata бөлімінде (жұптық өнер көрсету) турнирді сегізінші орында аяқтады. 

Павлодарға спортшылар мен жаттықтырушы 3 қарашада қайтады.
 
Айта кетейік, барлық дзюдошылар Францияға барар алдында Алматыда оқу-жаттығу жиынынан өтті. Ендігі кезекте олар 2022 жылы Бразилияда өтетін Сурдолимпиадалық ойындарға дайындалады.