Түркістан облысындағы Састөбе ауылында емхана салынып жатыр

Түркістан облысының Түлкібас ауданына қарасты Састөбе ауылындағы емхана әбден тозған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен ғасырдың 50 жылдары салынған ғимарат апатты жағдайда тұр. Мамандар жөндеуге келмейтінін айтыпты. Ауыл ақсақалдары аудан басшылығынан жаңа амбулатория салып беруді сұрап бірнеше рет өтініш айтқан.

Састөбе ауылдық округіндегі мына шағын емхана осыдан 70 жыл бұрын пайдалануға берілген. Ауыл тұрғыны Төлепберген ақсақалдың айтуынша, 30 орынға лайықталған ғимарат қазір апатты жағдайда. Әбден ескірген. Жылда жарылған жерлерін жамап-жасқағанмен жағдай мәз емес. Оның үстіне ауыл халқының саны да көбейген.

Төлепберген Күзембаев, ауыл тұрғыны:

– Ауыл ақсақалдары болып аудандық әкімшілікке хаттама жіберіп, өтініш жасадық. Биыл біздің өтінішіміз орындалып, өте жақсы жағдайда емханамыз салынып жатыр. Бұрынғы емханамыз күрделі жөндеуге де болмайды, құлауға шамалы қалып тұр.

Бибізейнеп Кемелбекова, Састөбе ауылының тұрғыны:

– Мұның жабдығының ескіргендігі барлығы жанға батып жүргенде бізге Алладан келген сый болды деп ойлаймын. Бұл біздің көптен күткен арманымыз еді. Ауылдағы ақсақалдар, қоғамдық кеңес бар, әкімшілік аппараты бар бәріміз жабылып жүріп, әйтеуір биылғы жылы сәті түсіп, салынып жатыр. Өте қуаныштымыз.

Жаңа емхананың салынып жатқаны ауыл дәрігерлерін де қуантты. Енді олар заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған еңселі ғимаратта отырып, халыққа сапалы қызмет көрсетеді. 75 орынға лайықталған дәрігерлік амбулатория алдағы желтоқсан айында пайдалануға берілмек. Жоба құны ­ 331 млн теңге.

Рақымбек Қаратаев, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

– Жиһазы мен қажеті дүниелер, медициналық құрал жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі. Оған 33 млн теңге қарастырылған. Аурухана емес, емхана болғандықтан бұл жерде жалпы тәжірибелі дәрігерлер отырады. Шағын мамандар болмайды. Бұнда Састөбе ауылдық округіне қарасты Ынтымақ пен Қызылту ауылдарынан келіп қаралады. Халық саны шамамен 10 млн болады.

Сондай-ақ биыл 1 млрд 445 млн теңгеге аудандық орталық аурухананың 5 ғимараты толығымен күрделі жөндеуден өткізілуде.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы