Ақтөбеде «Халықтық қатысу бюджеті» бағдарламасы аясында 15 жоба іске асты

Облыс орталығына кіретін екі ауданда саябақтар, ойын және спорт алаңдары пайда болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындардың сұранысын қамту келер жылы да жалғасады. Қазір жұрттың ұсынысы жиналған. Арасында жол, жарықтандыру мәселесін көтергендер көп.

Қала аумағындағы Заречный-4 ауылында мына ойын және футбол алаңының пайда болғанына бір айдан жаңа асты. Бірақ осының өзін мұндағы тұрғындардың күткеніне біраз жыл болған. Бос жатқан жерді балаларға арнау үшін өздері жоба құрып, демеуші де іздеп кеткен еді. Алайда былтыр «Халықтық қатысу бюджеті» бағдарламасына ұсыныс білдіруі тілектерінің орындалуына түрткі болды.

БЛИЦ:

– Әр ауданның өзінің жобалары болды. Соған дауыс жинау керек болды. Содан біз ұттық. Біздің Заречный-4 ең көп дауыс жинады. Нәтижесінде осындай балалар алаңы салынды.

– Балаларға жақсы болды. Әйтпесе, балалар көшеде ойнайды, қорқатын едік. Көлік көп. Әлі толық біте қойған жоқ. Дегенмен негізгі құралдары салынып, балалар рахатын көріп жатыр.

Бұл жобаның құны 20 млн теңгеге жуықтайды. Қаражат қала бюджетінен бөлінгенімен, оның осы іске бағытталуына тұрғындардың өтініш-тілегі түрткі болды. Ақтөбеліктердің сұрауы бойынша дәл осындай ойын және спорт алаңдары тек Алматы ауданы бойынша Кірпішті және Қызылжар-2 елді мекенінде де пайда болған. Ал Өрлеу мен Ақжар-2 ауылдарында саябақ айналасы абаттандырылып, шағын бақ жасақталды. Тұрғындардың тілегі бұнымен бітпей, келер жылға да үміт артып отыр. Енді қала шетіндегі аудандарда қоғамдық көліктер емін-еркін жүретіндей жол мен көше бойында жарық шамдары және қарттарға арналған алаңдар болса деген ойлары бар.

Бибіжан Нұрлыбаева, қала тұрғыны:

– Үлкен адамдарға да керек. Біз зейнеткерміз, бізге де керек, біз де демалғымыз келеді осындай саябақтарда. Заречный-4 – үлкен елді мекен. Қаншама халық тұрады. Сондай сұраныстар бізде.

Бақұзақ Дарин, Алматы ауданы әкімінің орынбасары:

– Келесі жылға бізде 35-36 жоба бар. Оған 228 млн 910 мың теңге бөлініп тұр. Оны да сметалық құнына сәйкес жетпеген жағдайда іріктеу, талдау жұмыстары жүргізіліп тағы да сараптамалық кеңесте оның бәрі қаралатын болады.

Жалпылай алғанда биыл «Халықтық қатысу бюджеті» аясында қала бойынша іске асқан жобаларға 100 млн теңгеден астам қаражат бағытталған. Келер жылы оның көлемін үш есеге дейін көбейту көзделіп отыр.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев