Маңғыстау өңірінде дәрігер жетіспейді

Маңғыстауда дәрігер жетіспейді. Өңірге қазір 300-ге жуық медицина маманы қажет. Сөйте тұрып, жолдамамен келген жас мамандардың тек 28%-і ғана әлеуметтік қолдауға ие болған. Мұны бір ай бұрын аймаққа келген Президент те айтқан еді. Ендігі жағдай қандай болмақ.

Абылай Ермаханов Маңғыстауға оңтүстіктен келген. Қазір Мұнайлы ауданындағы Батыр ауылында жалпы тәжірибелік дәрігер болып қызмет етеді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында бір жолғы көмек алған, жатахқанада тұрады. Алайда баспана алу үшін берілетін 4 млн теңгені әлі алмапты.

Абылай Ермаханов, жас маман:

- Өзім отказ бердім, ойланып жүрмін. Пландарым бар. 4 сағатта 17 адам қабылдау керекпіз, бірақ кейде 70 адам болып кетеді. Прием біткесін участокке шығамыз. Артығымен жасап жатырмын.

Иә, Абылай сияқты Батыр ауылының дәрігерлерінде жұмыс көп. 17 мың халқы бар селода бір ғана амбулатория бар. Күндізгі стационар да, емхана да, жедел жәрдем қызметі де осында. Барлығында 7  дәрігер қызмет етеді. Амбулатория күніне 50 адамды қабылдауға қауқарлы болса, қазір 250-ден астам науқас келеді. Сондықтан жас мамандардың ауылға ұмтылмасы анық. Жергілікті жұрт амалы жоқ, ауданға, әрісі қалаға қатынайды.

БЛИЦ:

- Балаларымызды қалаға апарамыз, жетіспейді ғой дәрігерлер, негізі Батырдың мынаусын кеңейту керек, халық көп, адам көп. 

- Ауылда мүмкіндік жоқ аппаратқа түсетін, аудандық емханаға жібереді. Ауданда да бауыр түсіретін аппарат жоқ, одан қалаға жібереді. 

- Хирургия дәрігері, невропатолог, педиатр да жоқ. Бір педиатр үлкенді де, кішіні де қарайды. Ауданға 3-4 күннен очередьпен барамыз. Невропатологқа баратын болсақ, алдын ала талон алып, апталап күтеміз.

Өңірдің бас ауруына айналған мәселені басқармадағылар да мойындайды. Ауыл тұрмақ бүтін облыс маманға зәру.

Айгүл Есенқызы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

- Жаңаөзен қаласы бойынша 66, Мұнайлы ауданында 19, Бейнеуде 15, Қарақияда 16, Ақтауда 160-қа жуық маман тапшылығы бар. Олар әсіресе жалпы тәжірибелік дәрігерлер, анестизолог дәрігерлер, психиатрлар.

Басқарма өкілінің айтуынша, қалаға келген мамандар әлеуметтік көмек алмайды, сондықтан көбі жеке клиникаға ауысып кетеді. Ал ауылға «баспана береміз» десе де, ниетті маман қатары аз. Барған күннің өзінде әлеуметтік көмектен бас тартады. Себебі жүктеме көп, жалақы төмен, ұзақ тұрақтамайды. Мәселен, 2019 жылы облысқа 98 жас маман келсе, оның 28-і ауылға барған. Алайда тек 19-ы ғана көмек алыпты. Ал былтырғы 100 қызметкердің 49-ы аудандарға жіберілсе, 27-і көмекке құжат тапсырған.  Биыл 30 маман ауылға аттанса, алтауы ғана қолдау алған. Енді грант көлемін көбейтеміз дейді жауаптылар.  

Айгүл Есенқызы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

- Жетіспеушілікті жою мақсатында Ақтау қалалық бюджет есебінен 75 маман дайындалып жатыр. Облыс әкімі тарапынан биыл 90 грант бөлінді. Былтыр 67 грант бөлінген.

Келесі жылы 120 маман келеді деген үміт бар. Бұл аса тапшы әрі қажет маманның жартысына жуығы. Тек жастар ауылды таңдаса жақсы. 

Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев