«100 шақырым+» челленджіне Петропавл халқы белсенді қатысып жатыр

«100 шақырым+» челленджіне солтүстік қазақстандықтар да белсенді қатысып жатыр. Әуесқой марафоншылар бұл межені қазірдің өзінде еңсеріп қойды. Салауатты өмір салтын ұстанушылардың арасында түрлі сала мамандары бар.

Біреуге таңертең жүгіруді айтпағанда жылы төсектен тұрудың өзі қиын. Ал бұл адамдар үшін күнделікті әдет. Петропавлдық Константин Труков бұрын жүгіру десе күліп қарайтын. Қазір онсыз күні күн емес. 

Константин Труков, «100 шақырым+» челленджіне қатысушы:

- Бір жарым жыл бұрын пандемия кезінде жүгіруге ден қойдым. 3 шақырымнан бастадым. Сосын 10, 15, 20 шақырым болды. Биыл «100 шақырым+» челленджіне қосылдым. 

Челленджге қосылғандардың тағы біреуі Руслан Шәріпов. Ол мұндай жарыстарды қалт жібермейді. Салауатты өмір салтын ұстанған әуесқой спортшы басқаларын да қатысуға шақырады.

Руслан Шәріпов, «100 шақырым+» челленджіне қатысушы: 

- Челлендж Қазақстан бойынша онлайн өтіп жатыр. Қосымшаға тіркеліп, қатыса беруге болады. Жүйені алдай алмайсың. Бәрі тексеріледі. Менің ойымша, өте жақсы шара. 

Марат Мусиннің де ойы осындай. Полиция инспекторы челлендж басталғалы күнде кешке 17 шақырымнан жүгіріп жүр.

Марат Мусин, «100 шақырым+» челленджіне қатысушы:

- Челлендж туралы досымнан біліп, бірден қатысуға бел будым. Мен үшін марапат маңызды емес. Өзім үшін жүгіремін. Ол адамды тәрбиелейді. Күш-жігеріңді шыңдайды. 

Ел бойынша бастау алған «100 шақырым+» челленджі желтоқсанның 1–і аяқталады. Жеңімпаздарды бір жарым млн теңге мен бағалы сыйлықтар күтіп тұр.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев