Петропавлда алғашқы қардан қарбалас туындады

Солтүстік Қазақстан облысында қар жауып, жол апаты көбейді. Демалыс күндері көктайғақ болып, көлік қозғалысы қиындады.

Әсіресе қысқы дөңгелектерін салып үлгірмеген жүргізушілер әуреге түсіп, ауыстыру орындарында ұзын сонар кезектер пайда болды. Ауа райының қолайсыздығынан Петропавлда 45 адам түрлі дене жарақатын алды.

Синоптиктердің айтуынша, бүгін түнде ауа температурасы төмендеп, көктайғақ болады. Бұл ретте тәртіп сақшылары жолға шықпауға кеңес береді. Жалпы жыл басынан бері өңірде 150 жол апаты болып, 28 адам көз жұмды.

Баян Байғаскина, СҚО ПД ЖПҚ басқармасының аға инспекторы: 

- 31 қазан күні шамамен сағат 15:00-де Жезқазған – Петропавл автожолының 935-шақырымында «Ауди» маркалы автокөлігінің жүргізушісі рульді басқара алмай төңкерілген. Нәтижесінде 3 жолаушы медициналық мекемеге жеткізіліп, бір адам оқиға орнында қайтыс болды.