Тұрғындар жекеге өтіп кеткен жайылымдық жерді қайтаруды талап етті

Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданына қарасты Үштөбе ауылы маңындағы жердің көбі жекенің қолына өтіп кеткен. Жайылым жоқ. Соның кесірінен тұрғындар қолдағы азын-аулақ малын сатып жатыр. Ол аздай өрістегі төрт түлік ауыл іргесінен өтетін автобан жаққа өтіп кетсе айыппұл салады.

Қалаға жақын орналасқан Үштөбе ауылынан бір кездері төрт табын мал өріп шықса, қазір бар-жоғы екі табын қалған. Себебі елді мекен маңында жайылымдық жер тарылып кетіпті.

Бауыржан Сүлейменов, Үштөбе ауылының тұрғыны:

– Қазақтың баласымыз ғой, мал өсірейін деп осы жерге көшіп келіп едім. Бие де, жылқы да, қой да, сиыр да ұстағанмын. Қазір түк те ұстап отырған жоқпын. Қашанғы шапқылап елмен айқасасың. Жайылымдық жерді реттеу керек. Жекеге өтіп кеткен, халыққа тиесілі заңсыз алынған жерді қайтару керек.

Ауыл тұрғындарына тиесілі жердің біраз бөлігі жекенің қолына өтіп кеткенін жергілікті әкім де растап отыр. Қазір елді мекенде ірілі-ұсақты мыңға жуық мал бар. Ал жайылымдық жер бар болғаны 3 мың гектар. Төрт түліктің санымен есептегенде тағы шамамен 7 мың гектар қажет екен.

Саят Шаяxов, Үштөбе ауылының әкімі:

– Біздің ұсынысымыз бойынша ауылшаруашылық бөлімі, жер қатынастары бөлімі, жер комиссиялары Бұқар жырау ауданы бойынша талдау жүргізіп жатыр. Талдау жүргізіп болған соң, кімнің артық жерлері бар, соны анықтап, өзіміздің тарапымыздан аудандық комиссияға ұсынысқа жолдаймыз. Өйткені жерді алып алатын біздің қауқарымыз жоқ. Біз жер комиссиясына ұсынамыз. Жер комиссиясы тексеріп, кімде артық жерлер бар, соны алып алады. Одан кейін ғана біз халыққа мал бағу үшін бөліп береміз.

Жер комиссиясы мәселені қарағанша, тұрғындарға ауыл іргесіндегі алақандай жерді қанағат ете тұруға тура келеді. Өзгенің өрісіне түсіп кетпес үшін малын тәулік бойы күзетіп жүр. Оның үстіне ауыл іргесінен өтетін автобан жаққа өтсе де айыппұл салады екен. Айтуларынша, тор қоршау өте сапасыз салынған. Кей тұстары мүлдем ашық жатыр.

Рыскүл Байтүкова, Үштөбе ауылының тұрғыны:

– Әр жерден бір салып кеткен бұрын. Олары қазірдің өзінде құлап жатыр. Бізге соны салып бергеннен кейін сапалы тор жүргізіп берсеңіздер. Халықтың сұрауы сол. Мал өтіп кетеді. Аяқты мал өтпей тұрмайды. Қолымда балам бар, жылқыны түнімен бағып шығады. Оған күні-түні бере беретін шөп шақ келмейді.

Қазір бұл маңды мал өтіп кетпес үшін жергілікті учаскелік инспекторлар торуылдап жүр. Осы күнге дейін 42 адамға ескерту жасалып, 4 тұрғын айыппұл төлеген.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев