Жүзге жуық қазақстандық виза аламын деп ақшасынан айырылды

Елде алаяқтық жасайтындар тыйылмай тұр. Жүзден астам отандасымыз жұмыс істеп және шетелде білім алу үшін АҚШ-қа баруды жоспарлаған. Олар Алматы қаласындағы визалық қолдау көрсететін жеке компанияға жүгінеді. Өзара келісім жасап, барлығы құжаттарын тапсырады. Бірақ әлгі мекеме аяқастынан ұшты-күйлі жоқ болады. Екі ортада арандап қалған олар біздің редакцияға жүгінді.

Шетелде білім алу және жұмыс істеуді көздеген Данияр Тоқбергенов елде сабылып әлі жүр. Себебі визалық жеке компания өкілдері оны сан соқтырған. Талай көк ақшаны көлдей төктім деген ол енді қайда барып кімнен көмек сұрарын білмейді. Визалық қолдау орталығы басшысы екі айдан бері ұстатпай жүр дейді.

Данияр Тоқбергенов, қала тұрғыны:

– Мен сұраған ақшасын бердім. 428 мың теңгеге арнайы шарт жасастық. Екі ай ішінде Америкалық университеттен шақырту алдым. Тағы 500 мың бер деді, сұрағанын жібердім. Төлемнен кейін олар консулмен сұхбат болатынын айтты. Міне, содан бері қаншама уақыт өтті. Хабар-ошарсыз жоғалды. Ақшам да, виза да жоқ.

Шетелді аңсаған жастың бірі – Адель Аманова. Айтуынша, тек өзі ғана емес, тағы 100 шақты адам осы компания алдауына түскен. Олардың жалпы шығыны 10 миллион теңгеден асады. Ол шикіліктің барын сезген сәтте бәрі кеш еді. Себебі ақшаны алғандар ізін суытқан. Әлеуметтік желіден өзі іспеттес алданғандарды тауып, полицияға арызданыпты.

Адель Аманова, қала тұрғыны:

– Мен Астанадан, Алматыдан зардап шеккен адамдарды таптым. Әлеуметтік желіде чат құрып сөйлестік. Ол жерде 100 шақты адам бар.  Инстаграмда осы «Hasta La Visa» компаниясының өкілі Әнуар деген азамат серіктесі алдағанын жазады. Бірақ ол да жасаған ісіне жауап беруі тиіс деп ойлаймын. Себебі шартты біз осы адаммен жасадық.

Аталған компания өкілдері бізге ресми жауап беруден бас тартты. Құзырлы органдардың айтуынша қазір сотқа дейінгі тергеу «Алаяқтық» бабы бойынша қозғалған. Алданған адамдар ақшаны қайтарып қана қоймай, сонымен бірге осы іске қатысы бар барлық жауаптылардың қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын сұрайды.

Салтанат Әзірбек, қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі:

– Қазір сотқа дейінгі тергеп тексеру жүргізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін 40 адам арызданды. Күні кеше екі күдікті іс бойынша қамауға алынды.

Сондай-ақ...