Павлодарда инфекциялық аурулар өршіп тұр

Павлодар облысында маусымдық инфекциялық аурулар өршіп тұр. Былтырмен салыстырғанда екі есе өскен.

Инфекция жұқтырудың 10 мыңнан астам дерегі тіркелді, олардың бес мыңға жуығы – балалар. Аймақтағы 129 мектептің оқушыларында ауру жұқтыру көбейген. Сала мамандарының айтуынша, желтоқсан айының соңына дейін жағдай күрделенуі мүмкін. Сондықтан вирустық аурулардың алдын алу шаралары күшейтілді. Әсіресе, халықты иммундауға басымдық берілген. Бүгінгі күнге дейін 113 мыңнан астам тұрғын вакцина алған. Бұл – өңір халқының 15 проценті.

Гүлмира Құлмағамбетова, облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– Биыл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сараптамасына сәйкес тұмаудың «А» және «В» штамы таралады. Мониторинг жыл бойы жүргізілді. Осы күнге дейін зертханалық деңгейде расталған тұмау деректері тіркелген жоқ. Халықтың ұжымдық иммунитетін қалыптастыру үшін ауруға қарсы иммундау жұмыстары ерте басталды.