Тұрғындарды таза аймаққа көшіру туралы Елбасы тапсырмасы 14 жыл бойы орындалмай келеді

Үйіміз қирап, қирандының астында қалуымыз мүмкін. Бұл 60 жыл бұрынғы баспанада тұрып жатқан өскемендіктердің жанайқайы. Екі қабатты тұрғын үйдің қабырғасы қақырап, іргетасы сөгіле бастаған. Тіпті кейбірінің төбесі опырылып жатыр. Көпшілік пәтер иелері кооперативі тарапынан көмек көрсетілмегенін айтады.

Қала әкімдігінен де ат ізін салған ешкім жоқ. Аталған үйлердің барлығы шаһардың экологиясы ең нашар өндірістік аумағында салынған. Мұндағы тұрғындарды таза аймаққа көшіру туралы жоспар 14 жыл бұрын басталған. Бірақ сол күйі аяқсыз қалған.

58 жастағы Екатерина Данченко Промышленная көшесіндегі осы үйде бала кезінен тұрып келеді. Ол зауыт мұржаларының түбінде орналасқан баспанасының тозығы жеткен тұстарын көрсетіп тауыса алмады. Үйдің сыртында да, ішінде де сау тамтық жоқ. Өткен қыста пәтеріндегі жатын бөлменің төбесі ортасына опырылып түскен. Абырой болғанда, үйде ешкім болмапты.

Екатерина Данченко, қала тұрғыны,

– Жатын бөлмеде сондай жағдай болған соң, енді, міне, қонақ бөлменің төбесін жөндеуге қорқып отырмыз. Әупірімдеп тақтай шегелеп бекіткен болдық. Шатырдың ішіне кіре алмаймыз, өйткені көтермейді.

Электр желісінің торабы тамшылаған су астында тұр. Аулада бір де бір балалар алаңы жоқ. Онсыз да әрең тұрған баспаналарға көше бойындағы кәрі ағаштар да қауіп төндіріп тұр. Тұрғындар тиісті жерге хабарласқанымен, «бұл талдарды кесу аса қиын жұмыс» деп ешкім келмеген.

Бір қызығы, осы көшедегі үйлердің біріне осыдан 4-5 жыл бұрын «терможаңғыру» бағдарламасы бойынша жөндеу жасалыпты. Алайда «жөнделді» деген дардай аты демесеңіз, сырты бүтін,  іші түтін.

Александра Прокопьева, қала тұрғыны:

– Әрине, ештеме өзгерген жоқ. Тек төбеден су ағатын еді, сол тоқтады. Болды. Басқа пайдасын көрмедік. Үйдің іргетасы да, қабырғасы да сөгіліп барады.

Борис Гречанов осы үйлерге қарасты пәтер иелері кооперативінің  төрағасы. Тағайындалғанына жарты жыл болған. Дегенмен жағдаймен жақсы таныс. Қарамағында 39 үй бар. Бірақ пәтер иелерінің кооператив алдындағы берешегі де көп. Сол жиналмай ағымдағы жөндеулер де кешеуілдей береді, – дейді ол.

Борис Гречанов, пәтер иелері кооперативінің төрағасы:

– Осы ауданның жалпы қарызы 4 миллион теңгеге жуықтайды. Бір ғана 10-үйді алсақ, 121 мың теңге берешек. Бұл қаражат жиналмайынша қалай толыққанды жұмыс істей алмаймын? Оның үстіне 1 шаршы метрден тек 27 теңге алым жинап отырмыз. Бұл өте аз сома. Ештеңеге жетпейді. Жаңа жылда бұны 35-38 теңгеге көтерсем деп отырмын.

Бұндай үйлер апатты және ескі деп екіге бөлінеді екен. Алғашқысына іліккендер үй кезегіне тұрып, баспаналы бола алады. Ал соңғысы бойынша ондай мүмкіндік берілмейді. Өскемендегі әкімдік тізімінде апатты деп танылған 37 үй тұр. Олардың қатарына Промышленная көшесі кірмейді. Өйткені «апатты жағдайда» екені дәлелдену керек.

Әлібек Тұрсымбетов, қала әкімінің кеңесшісі:

– Ол үйлер бұл мекенжайдағы тізімге кірмеген. Неге десеңіз, бірнеше сараптама ұйымдар бар, соларды тұрғындар жалдап, зерттеуін жүргізіп дәлелдеу керек қой. Негізгі қорытындысын дәлелдегеннен кейін ғана комиссия тексеріп, оларды сондай үйлердің тізіміне қосады.

Айтпақшы, осы өнеркәсіптік аумақтағы үй тұрғындарын экологиялық таза жерге көшіру туралы Елбасының өзі осыдан 14 жыл бұрын тапсырма берген еді. Сол кездегі билік жұмыс тобын да, жоспарды да құрды. Мәселе экономикалық кеңесте талқыланды. Жалпы 4 мыңға жуық адам таза аймаққа көшірілетін болды. Алайда «ұрандаған сөз» сол күйі ұмытылған.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов