Атырауда өзен түбін тереңдету жұмысы кешеуілдеп жатыр    

Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенін тереңдету жұмыстары кешеуілдеп жатыр. Былтыр аяқталуы тиіс жұмыс әлі бітпеген. Тұрғындардың айтуынша, өзен түбінен шыққан лай іргедегі жайылымды құртып жатыр.

Қиғаш өзенін түбін тереңдету жұмыстары 2017 жылы басталған еді. Бюджеттен 5 жарым миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді. Алайда былтыр тапсырылуы керек нысан әлі күнге дейін аяқталмай отыр. Жауаптылардың сөзінше, түп тереңдету жұмыстарының кешеуілдеуіне қауіпті індет әсер еткен көрінеді.

Бауыржан Нұрғалиев, «Павлодар өзен порты» АҚ өкілі:

– Жоспар бойынша бойынша былтыр аяқталуы керек еді. Бірақ мына індетке байланысты жұмысшылар, техникаларымыз жан-жақтан келе алмай, қосалқы заттарды алу қиын болды. Сол себептен кідіріп, биылға ұзартылды. Осы каналды түп тереңдету жұмыстарын қыста аяқтайды деп күтілуде.

Қиғаш өзенінің сағасы Жарқосы арнасында қазір 4 бірлік техника түп тереңдету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Арнаның 27 шақырымға жуық бөлігінің қазір 19 шақырымы ғана тереңдетілген. Ал жергілікті тұрғындар түп тереңдету жұмыстарының кері әсерін айтып дабыл қағып отыр. Олардың сөзінше, өзен түбінен шыққан лай іргедегі жайылымды құртып жатқан көрінеді.

Мәлік Матыбаев, Құрманғазы ауданының тұрғыны:

– Өзен арнасының барлығы қопарылып, топырағын алып жатыр. Оның барлығы жайылымға да зиян, судағы балыққа да зиян. Оны қазғаннан су көбейіп жатқан жоқ. Судың келуі жылдан жылға азаюда. Тереңдету жұмыстары үздік-үздік жүргізіледі. Басталып, тез аяқтау деген жоқ. Бір жерді қазып жатыр, бір жер кейін бітеліп жатыр.

Түп тереңдету жұмыстары келесі жылы да жалғасады. 2022-2026 жылдары 15 млрд теңгеге Қиғаш өзенінің 240 шақырымын түп тереңдету үшін жобалық сметалық құжаттамасы жасақталған.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин