433,39 493.30 5,91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Теміртау тұрғындары экологиялық ахуалға шағымданды

  • 124
  • UPD: 10:45, 02.11.2021

Теміртау қаласының тұрғындары қаладағы экологиялық ахуалға тағы да наразылық білдірді, деп хабарлайды Хабар 24.

Кенді өңірдің халқы бұл жолы ауаға құрамында денсаулыққа аса зиян металдар бар қалдықтар шығарылып жатыр деп дабыл қағуда. Себебі терезе жақтауында қалатын қалдықтарға магнит жақындатса, жабысып қалады екен. Ал экологтар зерттеу жүргізіп, нәтижесін күтіп отыр.

Станислав Войцеховский, қоғам белсендісі:

– Кәдімгі темір құйын соғып тұрады. Оның құрамында графит минералы бар. Оның бәрін айтпағанда, ауадаға зиянды қалдықтардың ішінен марганец, кремнийді де кездестіруге болады. Ол шойынды балқытып құйған кезде түтінмен бірге ығысып шығады да, барлық жерге жайылады. Терезе жақтауында жатқан да сол. Негізі бұл элементтер өкпеге аса зиянды.

Қаланың экологиялық ахуалы мәз емес. Бір жылдары жауған қара қар да көпті шошытқан болатын. Оны арнайы комиссия зерттеп, металлургиялық комбинаттан шығатын түтін салдары екенін айтқан. Енді мамандар магнитке жабысатын қалдық пен қаланы басып тұратын көк түтінді зерттеуге кіріскен.

Артур Захарченко, Теміртау қаласының мемлекеттік экологиялық инспекторы:

– «АрселорМиттал Теміртаудың» конверттік цехына бақылау жүргізіліп келеді. Сынамалар алынған. Қазір олар зертханада. Бұдан бөлек агломерациялық цех пен әк дайындау цехында жоспарлы тексеру басталған. Алдағы уақытта комбинаттың өзге де бөлімдеріне тексеру жүргізіледі. Ал қаланы түтін басуына келетін болсақ, Қазгидрометтің осындағы филиалына хат жолдаған едік. Олар атмосфералық қысымды зерттеген. Бүгінгі күнге дейін ауаны ластайтын зиянды қалдықтардың мөлшері нормада екені айтылды.

Ауаның соңғы кезде қатты ластанып, тыныс алуға кедергі келтіретінін жұрт жарыса айтуға дайын.

– Тыныс алу да қиын, иіс ылғи да мұрыныңа келіп тұрады. Екі жақтан да зауыттар салған. Қала ылғи да түнеріп тұрады. Экологиясы өте нашар.

– Түнде демалатын мүмкіндік жоқ. Әсіресе жазда. Түтін кәдімгідей жұтындырмай, тамағыңды қариды.

Сағат сайын құбылып тұратын ауаның атмосфералық ахуалын тұрғындар енді мобильді қосымшасынан-ақ біле алады. Мұндағы ақпарат әр сағат сайын жаңартылып тұрады екен. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен жасалған келісімде алып комбинат 2024 жылға дейін ауаға шығаратын зиянды қалдықтарды 30%-ке азайтуға уәде берген. Ол үшін 77 бөлімнен тұратын кешенді жоспар да құрылған. Алайда мамандар мәселені толық шешуге тек табиғи газ ықпал етуі мүмкін дейді. Мұнда, біріншіден, аса ірі көлемде газ қажет, оны жеткізу мәселесі бар. Екіншіден, көгілдір отынның да бағасы тұрақсыз болып тұр. Бұл да кері әсерін тигізіп отыр.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы