СҚО-да 3 миллион түп ағаш отырғызылды

Солтүстік Қазақстан облысында жылдағы әдетпен ағаш егу науқаны аяқталды, деп хабарлайды Хабар24.

Биыл орманшылар ақ қайың мен қарағайдың 3 миллион түбін отырғызды. Жас көшеттер 850 гектар аумақты алып жатыр.

Назар Қапаров, Орман шаруашылығының директоры:

– Теректер табиғи жолмен өсуі керек. Бірақ ол үшін алаңқай таза болуы керек. Ал мына жерде бұрын ағаш болған. Ағаш кесілген. Өзі өспегендіктен біз жаңадан, міне, осылай көшет отырғызып жатырмыз.

Қазір қайың мен қарағайдың жас көшеттері отырғызылып жатыр. «Әр түптің өсіп-өнуіне ондаған жыл керек», - дейді орманшылар. Осындай қажырлы еңбекті бір-ақ сәтте жоюға болады. Биыл өңірде 8 адам заңсыз ағаш кесіп ұсталды. Әйтеуір оларға қатысты заң күшейді.

Василий Лабанчук, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бөлімінің басшысы:

– Қазір Әкімшілік кодексіне тиісті өзгертулер енгізілді. Шілденің 1-інен бастап оларға 100 айлық есептік көрсеткіші көлемінде, яғни 300 мың теңгеге жуық айыппұл салынды.

Өңірде орман қорын ұлғайту үшін жұмыс жоспары бекітілді. Ол бойыныша алдағы 5 жылда 20 мың гектар жерге 100 млн түп жас көшет отырғызылады.

Мамандардың айтуынша, бір ағаш жылына 100-150 келі оттегі шығарады. Сондықтан бұл – маңызды іс.

Тимур Звереченко, университет доценті:

– Бір ересек ағаш тұқымына қарай 2-3 адамның өміріне жететін оттегі береді. Ауаны оттегімен ең көп байытатын терек. Сонымен қатар орман климатқа да оң әсер етеді. Тағы бір маңыздылығы, Қазақстанда көмір көп жағылады. Қоршаған ортаға тиген залалды қалпына келтіретін де осы ағаш.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев.